Қазақстандағы электр энергиясының импорты 65 есеге өсті. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, биылғы қаңтар айында Қазақстан шамамен 22 миллиард киловатт-сағат электр энергиясын сырттан импорттаған. Негізгі жеткізушілер – Ресей мен Өзбекстан. Сарапшылар бұл қауіпті үрдіс екенін айтып, оның салдары электр энергиясының тарифтеріне кері әсер етуі мүмкін деп дабыл қағуда.
Қазақстан электр энергиясын бұрынғыдан да көп сатып алуда. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, биылғы қаңтар айында елге шамамен 22 миллиард киловатт-сағат электр энергиясы импортталған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 65 есеге көп. Ол кезде импорт көлемі небәрі 300 миллион киловатт-сағат шамасында болған. Алайда сарапшы Олжас Байділдинов бұл жерде қателік кеткен болуы мүмкін екенін айтады. Оның пікірінше, мұндай көлемдегі энергияны Қазақстан бір айда импорттап та, тұтынып та үлгермейді.
Олжас Байдильдинов, Сенат жанындағы сарапшылар клубының мүшесі, «Байдильдинов. Мұнай» телеграм-арнасының негізін қалаушы: «Жалпы Қазақстандағы электр энергиясының тұтыну көлемі жылына 115-120 миллиард киловатт-сағатты құрайды. Ал біз тек қаңтар айында екі айлық тұтынуға тең электр энергиясын импорттағанбыз. Сонда біздің барлық электр станцияларымыз тоқтап қалды ма, әлде жылу электр орталықтары түгелдей істен шықты ма? Бұл жерде бір қателік кеткен сияқты».
KEGOC та бұл ақпаратты жоққа шығарып, Қазақстанның жалпы электр энергиясын тұтыну көлемі қаңтар айында 11,5 миллиард киловатт-сағатты ғана құрағанын хабарлады. Байқасаңыз, бұл көрсеткіш статистика бюросы жариялаған сандардан екі есе аз. Дегенмен, Қазақстанға электр энергиясын импорттау жалғасуда. Негізгі жеткізуші – Ресей. Сарапшылардың сөзінше сатып алу бағасы Қазақстандағы электр тарифтеріне тікелей әсер етеді.
Асхат Жапсарбай, Халықаралық тарифтер жөніндегі сарапшы: «Біз электр энергиясын әртүрлі бағамен импорттаймыз. Ресейден нарықтық бағамен аламыз, ол биржадағы сауда мен теңгерімдеуші нарық негізінде қалыптасады. Қазіргі таңда ол шамамен 35-37 теңге көлемінде. Сонымен қатар, Ресейдің тарифтері бізге әсер етеді. Ал біздің өз теңгерімдеуші нарығымыз да қымбаттап келеді».
Сарапшының болжамынша, биыл электр энергиясының тарифтері 20-23,5%-ға қымбаттауы мүмкін. Ал бір жарым-екі жылдан кейін бағалар Ресейдегі тарифтермен теңеседі. Оның үстіне, Қазақстандағы электр желілерінің орташа тозу деңгейі 72%-ды құрайды. Қазіргі таңда үкімет бұл жағдайды оңалту үшін ұлттық жобалар әзірлеуде. Дегенмен, бұл да тарифтерге ықпал етуі мүмкін.
Нұрлан Болатбаев, ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының орынбасары: «Ұлттық жоба коммуналдық желілерді жаңғыртуды көздейді. Бұл мәселе бұған дейін де бірнеше рет көтерілген. Қазіргі таңда желілердің тозу деңгейі өте жоғары екені белгілі. Алдағы бес жылда инвестиция тарту жоспарланған, оның бір бөлігі тариф есебінен, ал қалғаны республикалық бюджеттен бөлінеді».
Сарапшылардың пікірінше, электр энергиясының тапшылығы алдағы уақытта арта түседі. Бұл өз кезегінде импорт көлемінің де өсуіне алып келеді. Сондықтан елімізде ескі жылу электр станцияларын жаңғыртып қана қоймай, бір емес, бірнеше атом электр станциясын салу қажеттігі туындап отыр. Ал алғашқы АЭС-тің құрылысы тек он жылдан кейін басталады деп күтілуде.