Шымкент қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Ф.-ға қатысты ҚК-нің 139-бабымен (балаларын күтіп-бағуға арналған қаражатты төлеу жөніндегі міндеттерді орындамау, еңбекке қабілетсіз ата-аналарын, еңбекке қабілетсіз жұбайын (зайыбын) күтіп-бағуға арналған қаражатты төлеуден жалтару) іс қаралды.
Шымкент қаласының Еңбекші аудандық сотының 2014 жылғы алимент өндіру бойынша сот шешімі негізінде, сотталушы Ф. жәбірленуші И.-дың пайдасына кәмелет жасына толмаған ұлын асырап, күтіп бағу үшін, кәмелетке толғанға дейін ай сайын табысының немесе өзге де кірісінің ¼ бөлігі мөлшерінде алимент өндірілген.
Осы сот шешімі негізінде, 2018 жылы жеке сот орындаушымен атқарушылық іс қозғалып, сотталушы сот шешімін орындаудан бас тартқан жағдайда, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылатыны ескертілген.
Сотталушы алимент бойынша берешегін өтеу туралы бірнеше рет хабарланғанына қарамастан, алимент төлеу міндеттерін орындамаған.
Жеке сот орындаушының қаулысымен сотталушының алимент бойынша жалпы берешек қарызы 6 081 995 теңгені құрайды. Осылайша, сотталушы баласын күтіп-бағуға арналған қаражатты төлеу жөніндегі міндеттерді орындамай, алимент төлеуден жалтарған.
Сотталушының кінәсі өзінің берген түсінігімен, жеке сот орындаушының ұсынысымен және тағы басқа да іс бойынша жинақталған құжаттармен толық дәлелденген.
Сот, сотталушының қылмыстық жауапкершілігін жеңілдететін мән-жайлар ретінде бұрын сотты болмағанын, шынайы өкінетінін ескерді, ал, ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
Сот, Ф.-ға ҚК-нің 139-бабымен көзделген қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танып, осы бойынша оған 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жазасын тағайындады. Үкім заңды күшіне енген.