Шымкенттегі әскери бөлімде бүгін ерекше мереке – Ұлттық киім күні атап өтілді. Сымдай тартылған сымбатты әскерилер бүгін арнайы киімдерін тастап, ұлттық киімді ұлықтады. Іс-шараның басты мақсаты – қазақтың ұлттық дәстүрін дәріптеу және жауынгерлердің рухани құндылықтарға деген қызығушылығын арттыру. Қатаң тәртіпке бейімделген әскерилер бүгінгі шарада мамыражай мереке ұйымдастырып, бар өнерлерін ортаға салды.
Шымкентте әскери қызметкерлер ұлттық киім күнін атап өтті. Қазақи нақышта киінген құраманың қыз-келіншектері, қызметке келген барлық жауынгерді ерекше қарсы алды. Ал, әскери оркестрдің қызметшілері мерекелік әндерін орындап, шеру алаңын бойлай жеке құрам алдынан жүріп өтті.
Шұғыла Амриева, 35748 әскери бөлімінің азаматтық персоналы: «35748 әскери бөлімінің әйелдер қауымы біздің әскери қызметшілерге ұлттық киімді рәсімдеу, ұлттық тамақтарды рәсімдеу іс-шарасын өткіздік. Осындай әскери қызметшілерімізге мерекелік көңіл күй сыйладық. Ұлттық тағамдардан, бауырсақтардан ауыз тигіздік. Өте керемет көңіл күй сыйладық»
Мерекелік шара жеке құрамның жалпы сапталуында жалғасты. Әскери қызметкерлердің әжелері мен келіншектері шашу рәсімін жасап, әскер қатарына шақырылғандарға қазақтың ұлттық тәттілерін ұсынды.
Бастаманы қолдаған бригада командирі Сергей Бибулатов та шараға қатысушыларға жылы лебізін білдірді.
Сергей Бибулатов, бригада командирі, подполковник: «Бұл мереке бізді ғасырлар қойнауына алып барады, әдемілігімен, практикалық және ыңғайлылығымен ерекшеленетін ұлттық киімдермен таныстырады. Шара арқылы біз ата-бабаларымызға деген құрметімізді, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызды дәріптейді»
Мерекелік шара Шымкент гарнизонының әскери қалашығында жалғасты. Әскерилер денсаулығына байланысты қиындықтарға тап болған офицерлер мен сержанттардың отбасыларына ерекше назар аударып, оларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Лаура Бабас