Ерекше жүректерге – ерекше қуаныш

Ерекше жүректерге – ерекше қуаныш! Шымкентте осындай атаумен қайырымдылық акциясы өтті. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында ұйымдастырылған шара инклюзивті балаларға шаттық, олардың отбасыларына ұмытылмас естелік сыйлады.

Бұл мерекелік шара ерекше қамқорлықты қажет ететін балаларға арналды. Арнайы дайындалған концерттік бағдарлама бүлдіршіндерге қуаныш сыйлап, ұмытылмас әсер қалдырды. Динара Төлегенова мұнда 12 жасар ұлымен бірге келді. Оның баласына Даун синдромы диагнозы қойылған, алайда бұл оның өмірге деген құлшынысына және қоғамның толыққанды мүшесі болуына еш кедергі емес.

Динара Төлегенова, Шымкент қаласының тұрғыны: «Бүгінгі іс шара өте керемет өтіп жатыр. Демеушілерге рақмет. Елеп-ескеріп жатқанына алғыс. Бүгінгі көрісу күні құтты болсын! Барлық балалардың дені сау болсын! Тек жақсылық болсын!»

Мейрамдық жиын «Ерекше жүректерге – ерекше қуаныш!» қайырымдылық акциясы аясында өтті. Шара барысында мүмкіндігі шектеулі балалардың өз қолымен жасаған өнер туындылары көпшілік назарына ұсынылды. Мысалы, мына әсем гүлдерді көру қабілеті нашар балақайлар дайындаған екен.

Анар Назарова, «Үміт» мектеп-интернатының мұғалімі: «Мына гүлдерді мүлдем көрмейтін оқушылар жасады. Біз көзбен көретін болсақ, біздің балалар оны саусағымен көреді. Содан кейін олардың санау, сезінуі өте жақсы дамыған. Есте сақтау қабілеті де. Себебі олар үшін әрбір зат орнында тұруы керек. Мысалы оң жақта қызыл, сол жақта сары дейтін болсақ, сол заттар үнемі солай тұруы керек. Яғни оқушылар осылай дағдыланған»

Ұйымдастырушылардың айтуынша, ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін шығармашылық алаң құру – олардың өзіне деген сенімін нығайтып, қабілеттерін дамытуға мүмкіндік береді. Бүгінгі шараның басты мақсаты да – қоғамда инклюзивті мәдениетті қалыптастыру.

Баян Жандосова, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер және отбасылық-демографиялық саясат мәселелері жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі: «Наурыз мерекесіне арнап сыйлықтар дайындадық. Жаңа жылдық сыйлықтар сияқты. Ол кісілерді біз қолдамасақ кім қолдайды? Бірлік бар жерде тірлік бар. Сол кедергісіз болашақ деп балапандарымызды алға сүйресек, әлеуметтік салаға үйреніп кетеді»

Осылайша, ерекше балалар Наурыз мейрамының шынайы жылуын сезініп, тамаша әсер алды. Ал думанды жиын олардың отбасылары үшін ұмытылмас естелікке айналды.