Шымкентте соңғы екі апта ішінде екінші адам ұрлау оқиғасы белгілі болды. 39 жастағы Руслан (аты өзгертілген) өзін бір топ адам ұрлап кетіп, аяусыз соққыға жыққанын айтты. Сөзінше оны күштеп көлікке отырғызып, өлімші етіп сабаған.
Жәбірленуші ауыр жарақаттармен, оның ішінде қабырғалары мен жақ сүйегі сынған күйде, ауруханада екі апта жатқан. Соған қарамастан, жәбірленушінің сөзінше, бұл оқиға бойынша адам ұрлау фактісімен қылмыстық іс қозғалмаған.
Бейнебақылау камераларындағы бұл кадрларда 39 жастағы жәбірленушіні бірнеше ер адам күштеп көлікке отырғызып, белгісіз бағытқа әкетіп бара жатқаны анық көрінеді. Аты-жөнін жасырын ұстауды өтінген ер адамның айтуынша, жанжал қаладағы кафелердің бірінде басталған. Айтыс-тартыстан кейін белгісіз адамдар оны және досын ұрып-соққан, алайда оқиға жай төбелеспен аяқталмаған. Русланның сөзінше, оны күштеп қала сыртындағы бос аумаққа апарып, қатыгездікпен ұрып, түнде аязда далаға тастап кеткен.
Руслан: «Мен 40 минут, бір сағаттай есімді біліп жаттым, тоқтаңдар деп айқайладым, қолмен ұрып, аяқтарымен тепкіледі. Пышақ сұрап, басыңды кесем деп қорқытты, кейін құлағымнан ұстады. Біреуі басымды ұстап тұрды, екіншісі құлағымды кесті. Қабырғам сынған, жақ сүйегім, бет сүйегім, мұрын шеміршегім сынды».
Жәбірленуші ауруханада екі апта ем алған. Алайда, Русланның айтуынша, оны ұрлау фактісі бойынша іс қозғалмаған.
Руслан: «Іс Адам ұрлау дерегі бойынша қозғалмады, заңсыз бас бостандығынан айыру жағдайы да тек жеңіл баппен қаралды. Ал бұзақылық бойынша, тіпті қару қолданғандарын да ескермеді. Алғашқы дәрігерлік қорытындыда денсаулығыма ауыр зиян келтірілген деп көрсетілген».
Алайда сараптама жарақаттарды орташа ауыр деңгейдегі деп бағалаған. Жәбірленуші мен адвокаты жарақаттың шынайы ауырлығын анықтау үшін қайта сараптама жүргізуді талап етпек. Русланның айтуынша, оны сегіз адам соққыға жыққан, бірақ полиция тек бір күдіктінің қамауға алынғанын мәлімдеген.
ШЫМКЕНТ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:
«Барлық күдіктілер анықталып, полицияға жеткізілді. Бір күдікті қамауға алынды. Қазіргі уақытта қылмыстық іс материалдармен танысу және сотқа жолдау сатысында».
Заңгерлердің айтуынша, адам ұрлау істері заңдағы кейбір ерекшеліктерге байланысты жиі қозғала бермейді. Егер ұрлаған адам жәбірленушіні өз еркімен босатса, ол қылмыстық жауапкершіліктен босатылуы мүмкін. Бірақ нақты бұл жағдайда көп мәселе күмән тудырады.
Сергей Уткин, заңгер: «Егер адам өз еркімен босатылса, қылмыстық жауапкершіліктен құтылады. Бірақ олар жәбірленушіні өлтірмекке оқталып, өлімші етіп сабап, далаға тастап кеткен деп отыр. Егер мен тергеуші болсам, бұл жайтты ерікті түрде босату деп санамас едім».
Әлі күнге дейін соққының зардабын тартқан жәбірленуші әділ тергеу жүргізіліп, барлық кінәлілердің жауапқа тартылуынан үмітті.
Мұхамедали Шалхарбай