Қала тарихы және мәдени ескерткіштер туралы жинақ жарық көрді

«Шымкент қаласы тарих және мәдениет ескерткіштерінің жинағы» атты кітап жарық көрді. Аталмыш кітаптың тұсауы, халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күніне орай кесіліп отыр. Іс-шараға елімізге танымал археологтар мен сәулетшілер және реставратор мамандар қатысты. Олар, археологиялық ескерткіштерге қатысты тың деректермен бөілсіп, ғылыми жинақпен танысты.

«Шымкент қаласы тарих және мәдениет ескерткіштерінің жинағының» жарық көруі қала жұртшылығы үшін тарихи оқиға. Өйткені, кітаптың арқасында еліміздің оңтүстігіне қатысты тың деректер базасы қалыптасты. Сондай-ақ, бұл жинақ қазірдің өзінде зерттеушілердің назарын өздеріне аударып, қызығушылығын арттырып отыр дейді жауаптылар. Ғылыми деректердің қайнар көзіне айналған кітаптың таныстырылымы, ұлттық кітап күніне орай өтті.

Жандос Керімұлы, “Шымкент қалалық музейлер бірлестігі” МАҚК директоры: «Біздің кәсіби мерекеміз деп айтуға негіз бар. Сол мереке аясында ұйымдастырылып отырған шара. Әрі, 2024 жылы жарыққа шыққан Шымкент қаласының тарих және мәдени ескерткіштері жинағының тұсаукесеріне орайласытрып отырмыз».

Жиынға қатысушылар, тарихи мәдени кешен аумағында табылған ғибадатхананы қалпына келтіру, мәдениет ескерткіштерін қорғау мәселелері мен маңызын талқыға салды. Бұдан бөлек, кешеннің туристік әлеуетін арттыру бойынша ой бөлісті. Мамандардың айтуынша, мұндай жинақ осыдан 32 жыл бұрын жарық көрген. Содан бері, талай өзгеріс орын алып, бүгінде мәдени ескерткіштердің қатары жаңартылған.

Сейдалы Дүйсебаев, Шымкент қалалық музейлер бірлестігі МКҚК бөлімінің меңгерушісі: «Шымкент қаласы мегаполис болып бөлініп шыққалы мұндай кең көлемді, жан-жақты қамтылған еңбек жарық көрген жоқ. Тіпті, тәуелсіздік алған соң, жарық көрген ескерткіштер туралы жинақтың өзі 1993 жылы шықса, бұл 2024 те шығып отыр. Отыз жылдан соң, жарық көріп отыр. 30 жылдың өзінде елдің өзінде өзгерістер орын алып отыр. Ал, ескерткіштер жалпы көлемде алғанда, жан-жақты қамтылды. Оның ішінде бұрын соңды болмаған, 30 шақты обьект еніп отыр. Бұрынғы 1993 жылғы шыққан жинақта бар кейбірі жоғалып кетті».

Қазіргі таңда Шымкент қаласы бойынша 191 тарихи-мәдени мұра обьектілері есепке алынды. Оның 70 – археология, 9 – архитектура, 3 – киелі нысандар болса, 109 – монументті өнер құрылыстары бар. Ал, 2024 жылы жоғарыда аталған нақты мәдени мұра нысандарының есебін шығару, оларды мемлекеттік қорғауға алып, құжаттандыру мақсатында жергілікті бюджет есебінен 29,1 млн. теңге қаржы бөлінген.

Нұргүл Жолымбетова