Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында сотталушылар Б., А., К.Т. және К.К.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды.
Б. мен А. ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігінің 2) тармағымен (сеніп тапсырылған мүлікті талан-таражға салу, яғни бөтен мүлікті адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен, қызмет бабын пайдалана отырып, аса ірі мөлшерде талан-таражға салу), 366-бабының 4-бөлігімен (аса ірі мөлшерде пара алу);
К.Т. ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігінің 2) тармағымен (сеніп тапсырылған мүлікті талан-таражға салу, яғни бөтен мүлікті адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен, қызмет бабын пайдалана отырып, аса ірі мөлшерде талан-таражға салу), 367-бабының 4-бөлігімен (аса ірі мөлшерде пара беру);
К.К. ҚК-нің 371-бабы 2-бөлігімен (салғырттық, яғни өз міндеттерін қызметіне ұқыпсыз қарауы салдарынан абайсызда ауыр зардаптарға соқтыру) айыпталған.
Б. Шымкент қаласының полиция департаментінің (бұдан әрі – Департамент) қаржылық қамтамасыз ету басқармасының бастығы бола тұра, «С.» ЖШС-нің директоры К.Т.-мен қылмыстық сөз байласып, адамдар тобы болып, аса ірі мөлшерде бөтеннің мүлкін жымқыру мақсатында, К.Т.-ні мемлекеттік сатып алу конкурсында жеңімпаз ретінде танып бере алатындығына сендіріп, бұл қызметі үшін 74 000 000 теңге ақша көлемінде ақша қаражатын беру қажет екендігін жеткізген.
К.Т. өз кезегінде Б.-ның осы ұсынысымен келісіп, конкурс жеңімпазы атанғаннан кейін, есеп шотына ақша қаражаты аударылған соң Б.С.Баяновқа келісілген 74 000 000 теңге ақша қаражатын берген.
А. Департаменттің бас маманы бола тұра, өзінің қызметтік өкілеттігін өзі және басқа адамдар мен ұйымдар үшін пайда мен артықшылықтар алу мақсатында заңсыз түрде бір көзден сатып алу тәсілімен «С.» ЖШС-мен 370 000 000 теңге көлемінде келісім шартты жасаған.
К.К. Департаменттің бөлім бастығы бола тұра өз міндеттерін тиісінше орындамай, қызметке адал және ұқыпты қарамай жоғарыда көрсетілген келісім шарттағы техникалық сипаттаманың талаптарына сәйкес келмейтін жеткізілген тауарларды қабылдап алған.
Сотталушылардың өздерінің айыптарын ішінара мойындап берген жауаптарымен, куәлердің жауаптарымен, заттай дәлелдемелермен, сот сараптамаларының тұжырымдарымен, бейнежазбалармен дәлелденеді.
Прокурор жарыссөз сатысында сотталушы Б.-ның айыптауынан ҚК-нің 366-бабының 4-бөлігін шығарып тастап, оның әрекетін ҚК-нің 189-бабының 4-бөлігінің 2) тармағынан, ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігінің 2) тармағына қайта саралап, оны бас бостандығынан айыруды сұрады.
А.-ның айыптауынан ҚК-нің 366-бабының 4-бөлігін шығарып тастап, оның әрекетін ҚК-нің 189-бабының 4-бөлігінің 2) тармағынан, ҚК-нің 361-бабының 4-бөлігінің 3) тармағына қайта саралап, оны бас бостандығынан айыруды сұрады.
К.Т.-ның айыптауынан ҚК-нің 367-бабының 4-бөлігін шығарып тастап, оның әрекетін ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігінің 2) тармағынан, ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігінің 2) тармағына қайта саралап, оны бас бостандығынан айыруды сұрады.
К.К.-ны ҚК-нің 371-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп танып, оны бас бостандығынан шектеуді сұрады. Жәбірленуші өкілі мүліктік залал толық қайтарылғанын, талап арызы жоқтығын, заң шеңберінде жаза тағайындауы сұрады.
Қорғау тарабы сотталушылардың барлығын іс-әрекеттерінде қылмыс құрамы болмауына байланысты ақтауды сұрады.
Сот, Б., А. және К.К.-ның қылмыстық жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін мән-жайлар ретінде асырауында жас балаларының болуын, кінәсін ішінара мойындайтындарын, шын ниетпен өкінуін, келтірілген залалды толық өтеуін, ал ауырлататын мән-жайлар ретінде бұл қылмысты кәсіби антын бұза отырып жасағандығын назарға алды.
К.Т. қылмыстық жауаптылығымен жазасын жеңілдететін мән-жайлар ретінде, асыруында кәмелетке толмаған және жас балаларының болуын, қылмыстық құқық бұзушылықты ашуға, қылмыстық құқық бұзушылықтың басқа да сыбайлас қатысушыларын әшкерелеуге ықпал етуін, кінәсін ішінара мойындауын, қылмыстық құқық бұзушылықпен келтірілген залалды толық өтеуін назарға алды, ал қылмыстық жауаптылығы мен жазасын ауырлататын мән-жайлар анықталмады.
Сот, Б.-ны ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігінің 2) тармағымен кінәлі деп танып, оны мемлекеттік қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, оған 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
А.-ны ҚК-нің 361-бабы 4-бөлігінің 3) тармағымен кінәлі деп танып, оны мемлекеттік қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
К.Т.-ны ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігінің 2) тармағымен кінәлі деп танып, оны коммерциялық ұйымдарда басшылық лауазымдарды атқару құқығынан 5 жыл мерзімге айыра отырып, 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. ҚК-нің 63-бабын қолдана отырып, тағайындалған жаза шартты деп белгіленді.
К.К.-ны ҚК-нің 371-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп танып, оны мемлекеттік қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, 2 жыл бас бостандығынан шектеу жазасын тағайындады.
ҚК-нің 49-бабының талаптары негізінде Б., А. және К.К.-ға арнайы шендерінен айыру түріндегі қосымша жаза тағайындалды. Үкім заңды күшіне енбеген.