Балабақшаға барып жүрген 4 мыңнан астам бүлдіршіннің тұрғылықты мекен-жайы Шымкентте болмаған. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек мәлімдеді. Арнайы тексеру жүргізген мамандар, ата-аналарға ескерту беріп, мекен жайды реттеуді сұраған. Алайда, мыңнан астамы бұл кемшілікті жоюға тырыспаған. Сонымен, ол балалардың жағдайы не болды?
Балабақшаға баратын 4 мыңнан астам балалардың тұрғылықты мекен жайы болмаған. Соған қарамастан, бүлдіршіндер мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында тәрбиеленіп келген. Олқылықтардың орнын толтырмақ болған жауаптылар, балалардың ата-аналарына жағдайды реттеу қажет екенін ескерткен. Бірақ, кейбіреуі бұл кемшілікті жоюға асықпаған. Салдарынан біраз бүлдіршін балабақшадан шығарылды.
Сәрсен Құранбек, Қала әкімінің орынбасары: «Былтырғы жылы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің нормативтік құқықтық актілеріне орай, өзгеріс енгізілді. Соған орай, мына балабақшаға баратын балалардың тұрғылықты мекен -жайы сол балалбақша орналасқан жерге сай болу керек. Нәтижесінде, 1 қазаннан бастап, тексеру жүргіздік. 4 мыңнан астам баланың Шымкент қаласында тұрғылықты мекен-жайы болмағанын анықтадық. Оларға үш рет хабарлама бердік. Хабарлама бергеннің нәтижесінде, 3099 бала өздерінің тұрғылықты мекен-жайын Шымкент қаласына тіркеді. Ал, 1038 бала ата-анасына тұрғылықты мекен-жайын Шымкент қаласына қоймаған соң, ваучерден айыруға мәжбүр болдық».
Ресми өкілдің айтуынша, заң бәріне ортақ. Десе де, баласы балабақшадан шығарылғандар шу көтеріп әлек дейді басқарма өкілдері. Бірақ, қала бюджетінен бөлінетін қаржы бала басына төленгендіктен, жауапкершілікпен қарау керек. Өйткені, судың да сұрауы бар дейді, өкіл.
Сәрсен Құранбек, Қала әкімінің орынбасары: «1038 бала дейтін шындап келгенде үлкен. Заң бәріне ортақ. Тәртіпті сақтау керекпіз. Ертең, осыны орындамайтын болсақ, құзыретті органдар келіп, осы жұмыстарды атқарып отырғандарды тексеріп, мамандардан сұрайды. Екіншіден ақшалардың барлығы қайтарылуға жататын болады. 4 мың бала деген жылына шамамен алғанда 6 млрд. теңгені құрайды. Ал, 1038 баланың қаржысы 3-4 айды алғанда 2 млрд. теңгені құрайды. Бұл кімге болсын оңай емес. Мұны балабақша немесе ата-ана қайтаратын болса, оңай болмайды. Сондықтан, бұл мәселеге біздің тұрғындар түсіністікпен қарайды деп сенеміз. Заң шеңберінде әрекет етеді деп сенеміз».
Айта кетейік, бұған дейін бес ай, жарты жыл ішінде 2500 — 3 000 бала ғана кезектен өтіп жүрген болса, ваучерлік жүйе іске қосылғаннан соң, көрсеткіш 30 мың баладан асып жығылған. Оның ішінде 11 мың бала ваучерге ие болған.