100 бала қуанышқа кенелген күн

Бала күлсе — әлем күледі! Балаларды халықаралық қорғау күні мереке ғана емес, сонымен қатар, болашаққа бағдар жасайтын маңызды шараның бірі. Сондықтан, оларға күлкі сыйлау, еркін өсіру, тәлім-тәрбие беру баршамызға ортақ міндет. Осыған орай, Еңбекші ауданы әкімдігі мен демеушілердің қолдауымен көп балалы, аз қамтылған отбасылар, жетім және мүмкіндігі шектеулі балаларға қолдау көрсетілді.

Қасиет Пердебек көпбалалы отбасыдан шыққан. Ол алты баланың ортаншысы. Өзінен кейін тағы екі бауыры бар. Үлгілі тәртібімен көзге түскен жасөспірім ойын алаңына келгеніне қуанышты. Өзі секілді қатарластарын мерекемен құттықтап, ізгі тілегін жолдады.

Қасиет Пердебек, оқушы: «Біз бүгін осындай ойнайтын жерге келдік. Өте қатты қуаныштмыз. Осындай мүмкіндік бергендеріңізге рахмет. Осы жерге келген, достарым мен басқа да адамдарды мерекемен құттықтаймын. Барлығына бақытты өмір тілеймін. Денсаулықтары мықты болсын».

Мерекеге орай, Еңбекші ауданының әкімдігі, депутаттар, кәсіпкерлер бірлесіп, 100 балаға ерекше көңіл-күй сыйлады. Оның ішінде көпбалалы және аз қамтылған отбасы, жетім және ерекше балалар бар. Ұйымдастырушылардың айтуынша, балаларға көңіл бөлу арқылы, болашаққа нық қадам басуға, адамгершілікке, әділдікке баулуға мүмкінідік бар. Сондықтан, оларға дер кезінде қолдау көрсетіп, зорлық-зомбылықтан сақтау қажет.

Ерлан Күзенбаев, Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары: «Бүгінгі іс-шарамыз халықаралық балаларды қорғау мерекесіне арналып отыр. Жалпы ауданымыздағы айтып өткен санаттағы балаларды қамтып отырмыз. Бүгінгі күн мен шектеліп қалмайды».

Айта кетейік, Еңбекші ауданы бойынша, 5 мыңға жуық көпбалалы отбасы бар. Ал, мереке қарсаңында жалпы 500 бала тегін ойын алаңшаларына кіріп, тәтті үлестіріледі.

Нұргүл Жолымбетова