Атаулы әлеуметтік көмек енді жаңа тәртіппен тағайындалады. Еңбек министрлігі енгізіп отырған өзгерістерге сәйкес, бұдан былай азаматтардың табысы ғана емес, күнделікті шығындары да есептеледі. Бұл тәсіл кімнің расыменде көмекке мұқтаж екенін нақты анықтауға көмектеседі екен.
Атаулы әлеуметтік көмек тағайындау тәртібіне өзгерістер енгізілді. Енді азаматтар тек табыстары туралы емес, қаржылық шығындары жайлы да есеп беруі тиіс. Бұл ретте банктік шоттардағы қалдықтар, қаражат айналымы, депозиттер мен несиелік операциялар мұқият тексеріледі. Сбебі үлкен сомадағы түсімдер мен тұрақты аударымдар адамның материалдық жағдайының жақсы екенін білдіруі мүмкін.
Куляннам Мұқатова, ҚР ЕХӘҚМ әлеуметтік көмек департаментінің бас сарапшысы: «Көмек шын қажет адамдарға берілуі үшін, мемлекет енді шығындарға да қарай бастады. Егер отбасы ай сайын көп шығынданып жатса, бірақ табысы аз деп көрсетсе, бұл олардың басқа да табыс көздері бар деген сөз. Мұндай жағдайда отбасы мұқтаж ретінде танылмайды».
Ал қоғам белсенділерінің пікірінше, қазіргі жүйе шын мұқтаж адамдарға көмек көрсетудің орнына, оларға қиындықтар туғызады. Кедейлікті дәлелдеу барған сайын қиындап жатыр, ал берілетін көмек ең қажетті шығындарды да өтеуге жетпейді дейді олар.
Гүлнар Умарова, Ұлттық кеңестің әйелдер және отбасы-демографиялық саясат мәселелері жөніндегі мүшесі: «Халыққа сенім білдіру керек, ал егер қандай да бір заңбұзушылықтар болса, оны прокуратура не қаржы органдары анықтап, тиісті шара қолдансын. Барлық азаматтарға бірдей шектеу қоюдың қажеті жоқ. Жалпы, әлеуметтік саясат дұрыс бағытта жүргізілуі тиіс. Яғни, атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж болмайтындай жағдай жасалуы керек»
Еңбек министрлігі атаулы әлеуметтік көмекке өтініш бергісі келетін отбасыларға ескерту жасады. Егер өтінішке дейін олар көлік, пәтер немесе қымбат дүние сатып алған болса, бұл көмекке ілігуге кедергі келтіруі мүмкін. Тағы бір маңызды жайт — отбасының еңбекке жарамды адамдары жұмыс істемесе, мемлекет тарапынан қолдау берілмеуі мүмкін.
Министрлік заңсыз төлемдер анықталған жағдайда, олар міндетті түрде қайтарылатынын атап өтті. Бүгінде осындай 450-ден астам жағдай тексеріліп жатыр. Ал қазір елде шамамен 40 мың отбасы АӘК алады. Бір отбасына орта есеппен 12,5 мың теңге тағайындалады.