Аптап ыстық, шаң тозаң және зиянкестер: Саябақтардың күтіміне кім жауапты?

Шымкентте тұрғындар жасыл желектердің қараусыз қалып, құрғап қалатынына жиі шағымданады. Аптап ыстықта саябақтардың күтімсіз қалуы, шөптердің қурауы не құрттауы, зиянкестердің қаптауы. Мұндайда қаланы көгалдандыруға бөлінетін миллиондар қайда жұмсалады деген заңды сұрақ туындайды.

Шымкенттегі Орталық саябақ қаланың жасыл аймағының бірі іспетті. Әйткенмен, оның күтіміне жергілікті тұрғындардың шағымы көп. Шөп сарғайды, өрт шықты, жасыл желек суғарылмай қалды, зиянкестер қаптады. Қазір «Саябақтың күтіміне кім жауапты, неге қараусыз қалды?» деген сұрақтар көптің көкейінде жүр.

«Мәселені көтеріңізші! Неге біздің қала саябақтарында суару жоқ? Көгал құрғап тұр. Бюджеттен аз ақша бөлінген жоқ. Ендеше көгалдар неге құрғап жатыр?  Жап-жасыл болып тұратын. Қазір қараңызшы қандай күйде тұр».

«Көп ағаш кесілді, субұрқақтың дұрыс жұмыс істемей тұр».

Айтқанымен, ресми орындар бәрі бақылауда деп сандіреді. Мердігер компания жұмыс кесте бойынша жүргізілетінін айтады. Бірақ бұл жұмыс көрінбейді дейді.

Жансұлтан Қозадияс, «Эталон» компаниясының өкілі: «74 адам суарумен айналысады. Суару жұмысы 15 сәуірден басталды. Айта кетейін, жылда шамамен осы уақытта суаруды бастаймыз. Біз 10 саябақ, 44 гүлзарға қараймыз. Әрқайсысын суару кестесі бар. 39 обект ұңғымадан, қалғанын су арнасы арқылы суғарамыз. Шілде айынан бастап суғару таңғы 8-ден түнгі 12-ге дейін жалғасады. Аптап ыстық басталғанда суғару уақыты кешкі 7-ден таңғы 5-ке дейін белгіленген.

Құрғақшылық мәселенің бір жағы ғана. Екінші проблема – зиянкестер. Мысалы, ағаштар мен гүлдерге, тіпті көгалға да шіре түсіп, құрттайды дейді тұрғындар. Кейбірі дәрілеу байқалмайды, керісінше өсімдіктер қурай бастағанын айтады.

Жансұлтан Қозадияс, «Эталон» компаниясының өкілі: «Шіре түсіп, құрттамауы үшін барлық жасыл желекті дәрілейміз. Бұған гүлдер, қылқан жапырақты ағаштар да кіреді. Өңдеу жұмысы жылда жүреді. Ерте көктемнан бастап зиянкестер жойылғанға дейін жалғасады. Біздің өз агрономымыз бар. Дәрілеуге қатысты барлық сұраққа сол маман жауапты. Дәрілеу кезінде ешкімге ешқандай зиян келтірмеу үшін барлық ереже сақталады»

Сөз жүзінде бәрі бақылауда. Қаланың жасыл аймағын қорғауға қатысты тұрғындардың көкейінде көп сұрақ жауапсыз қалған. Сіздіңше, тәртіп орнататын уақыт келді ме? Егер саябақтардың қурап жатқанын көрсеңіз 109 нөміріне қоңырау шалыңыз немесе Ikomek-ке жазыңыз. Тиісті мекемелер барлық шағым қараусыз қалмайтынын айтады. Сіздің шағымыңыз жақсы өзгерістің алғашқы қадамы болуы ықтимал.