Түркістан облысының тұрғыны өзін Шымкенттегі психологиялық көмек көрсету орталығына күштеп әкетіп, заңсыз ұстағанын мәлімдеді. Азаматшаның айтуынша, орталықта оған белгісіз дәрілер егілген, қол-аяғы байланған және психологиялық қысым көрсетілген. Бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырды. Қазір іс полиция өндірісінде. Әлеуметтік желі қолданушылары тергеудің ашық болуын және жауапты мекемелердің барлығына кешенді тексеріс жүргізуді талап етуде.
Әлеуметтік желіде, Түркістан облысынан шыққан жалғызбасты ананың ел президентіне жолдаған видеосы тарады. Онда әйел өзін белгісіз адамдар ұрлап кетіп, Шымкенттегі орталықта еркінен тыс ұстағанын мәлімдеген. Оның сөзінше, орталықта белгісіз дәрі егілген, оны байлап-матап белгісіз құжаттарға қол қоюға мәжбүрленген.
Фаузия Ахметова, Түркістан облысының тұрғыны: «Өз үйімнен бейтаныс ер адамдар үйіме басып кіріп, балаларымның көзінше мені күштеп алып кетті. Шымкент қаласындағы «Көмек центр» деп аталатын оңалту мекемесіне апарды. Мен ешқандай негізсіз ұстап отыр. Мен ешқандай есепте тұрмаймын, бірақ соған қарамастан орталыққа орналастырды. Құжаттарға қол қоюдан бас тартқанда белгісіз препарат салды, есімді жоғалттым. Қол-аяғымды скотчпен байлап тастады. Кейін туыстарыма хабарласып, әрең дегенде шығып кеттім».
Шымкент қалалық полиция департаменті бұл жайт бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Қазір орталықтың жұмысына қатысты тергеу амалдары жүріп жатыр.
ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ: «Әйел адамның арызы негізінде қылмыстық іс қозғалды. Барлық мән-жай анықталып, заңсыз әрекеттерге қатысы бар тұлғалар тексеріліп жатыр. Тергеу барысында орталықтың қызметі, құжаттары мен бейнематериалдары зерттеліп, екі тараптың да уәждері қарастырылуда»
Бұл оқиға қоғамда кеңінен тарап, қызу пікірталас тудырды. Әлеуметтік желі қолданушылары кінәлілерді анықтап қана қоймай, осындай мекемелердің барлығын заңдылық пен адам құқықтарын сақтау тұрғысынан толық тексеруді талап етуде.
Нұргүл Жолымбетова