Кентау қаласы күн санап туристер үшін тартымды бола түсуде. Мұнда жергілікті тарих тұңғиығына еніп қана қоймай, ата-бабаларымыздың рухани мұрасымен етене жақын танысуға мүмкіндік беретін арнайы бағдарламалар әзірленуде. Солардың бірі – Қарнақ ауылындағы Шаммат Ишан мұражайы.
XVIII ғасырда салынған бұл ғимарат ерекше сәулетімен ғана емес, өзгеше акустикасымен де таңғалдырады. Жергілікті халықтың айтуынша ғибадат пен ілім үйренуге арналған жерасты бөлмесінде қаттырақ шыққан дауыс ешбір техникасыз-ақ бүтін бір ауылға тарайды екен.
Қарнақ – жай ғана ауыл емес. Бұл – сұлулықпен қатар рухани жаңғыруды іздеген жандар жол тартатын қасиетті мекен. Оңтүстік өңірдің жүрегінде орналасқан Шаммат Ишан мұражайы – кезінде мешіт, кейіннен медресе болған тарихи орын. Мұнда бір кездері ислам дінін, араб әліппесін үйренуге ниеттенген бозбалалар алыс-жақыннан ағылып келген деседі. Қазақ ағартушыларының көпшілігі білім жолын дәл осы жерден бастаған.
Қарнақ тағы бір ерекше мұрасымен танымал. Ауылдағы көне қорымда тарихшылардың бағалауынша, жасы шамамен 1500 жылға жететін тұт ағашы өсіп тұр. Жергілікті жұрт оны Мажратұт деп атайды. Аңыз бойынша, бұл ағаш VIII ғасырда Орта Азияда ислам дінін таратқан қолбасшы Құтайба ибн Муслимнің жорығы кезінде егілген көрінеді. Ерекшелігі – тұт бүгінде де жеміс береді, әр бұтағы өз уақытымен. Ал ағаштың жуандығы соншалық, оны 12 адам қол ұстасып әрең қоршай алады.
Ал бұл – Қарнақтың тылсым тарихының бір ғана беті. Бұл ауылдың әрбір тасы – өткеннің үнін сақтап қалған куә дерсің. Кентау қаласының әкімдігі өңір тарихына терең бойлайтын жаңа туристік бағдарлама әзірледі. Алдағы шығарылымдарда біз сіздерге тағы бір таңғажайып орынды – көміліп қалған көне Ишкент қаласын көрсетеміз. Сол сапарда біз, ата-бабаларымыз қалай өмір сүрді деген басты сұраққа жауап іздейміз