1 шілдеден бастап «Даму бала» жобасына қатысу шарттары қайта қаралып, өзгеруі мүмкін. Кәсіпкерлер жаңа ережелер бекісе мыңдаған бала үйірмеден шығып, тіпті үйірмелердің жұмысы тоқтап қалуы бек мүмкін дейді. Кәсіпкерлер неден қауіптенеді? Жоба шарты қалай өзгеруі мүмкін?
Бүгін Шымкент қаласы әкімдігі алдына жиналған бір топ кәсіпкер мен ата-аналар «Даму бала» жобасына қатысу шарттарының өзгеріп жатқанына қарсылық білдірді. Балалар үйірмесін ашып, мамандар тартып жүрген кәсіпкерлердің сөзінше, бұл өзгеріс олардың жұмысын тоқтатуы ықтимал. Өйткені тарифтер төмендеп, керісінше талаптар қатаюы мүмкін. Мысалы, балалар жаттығатын ғимарат жеке тұруы керек және оған дабыл түймесі мен турникет орнату міндеті.
Жансая Жамалбек, кәсіпкер: «Бүгінгі жиналып отырған мәселеміз Шымкентте тегін үйірме мемлекет бюджетінен тегін үйірме ашылған болатын. Сол бізде қазір ақылы үйірмеге өтейін деп жатыр. Себебі тарифті өте қатты төмендетіп жатыр. Ол біздің тек 20-30 пайыз шығынымызды жабады. Қалған 70-80 пайызын ата-аналар тарапынан ақылы түрде алуымыз керек болады. Тарифті үш есе түсіріп отыр».
Кәсіпкерлердің айтуынша, бағдарламаның жаңа шарттарына сай ақы төленсе кәсіпкерлердің шығынын өтемейді. Мысалы, жаңа шарт бойынша әр баланың үйірмесіне мемлекеттен айына 5 мың теңге бөлінеді. Бұл жыртыққа жамау бола алмайды дейді наразылар. Мұндайда үйірмелердің дені өз жұмысын жалғастыра алмайды.
Светлана Долина, Би мектебінің жетекшісі: «Ғимараттың жалақысы мен мамандардың еңбекақысын төлеу үшін балалардың ата-анасынан қанша алуым керек? Ең болмағанда бала келіп, үйренуге мүмкіндік жасалса үйірмеге жазылар еді. Өткен жылдан бастап 13 мың бала кезекте тұрған, бірақ бірде бір баланың кезегі жылжымады».
Дегенмен қала әкімдігі төлемақы 5 мың теңгеге төмендейді деген ақпаратты жоққа шығарады. Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбектің айтуынша, тариф әлі бекітілмеген. Десе де бір балаға айына бөлінетін ақша 15 мың теңгеден түспейді.
Сәрсен Құранбек, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Жеке өзім бір білім беру ұйымында 4600 бала тіркелгенімен, мың бала барып жүргеніне куә болдым. Біз тексеру жүргізуге мәжбүр болдық. Қазір скоринг жүйесін орнатып жатырмыз. Бұл талаптар барлығына бірдей қойылады».
Әзірге жаңа ережелер бекімеген. Ал кәсіпкерлер олардың үніне ресми орындар құлақ асады деп үміттенеді. Өйткені бағдарлама шарты қатайып, үйірмелер жабылса он мыңдаған бала, әсіресе, көпбалалы отбасында тәрбиеленіп жатқан балалар ақылы үйірмелерге бара алмауы әбден мүмкін.