Шымкент: Оқушылардың жазғы демалысы қалай өтеді?

274

Оқу жылы аяқталған бойда редакциямызға хабарласқан ата-аналар балаларының жазғы демалысын ұйымдастыру мәселесіне қатысты сауалдар жолдауда. Қалалық білім басқармасының мәліметі бойынша биыл 186 мыңнан астам оқушының жазғы демалысын тиімді өткізу шаралары жоспарланған. Ал айтулы жұмысты ұйымдастыруға жергілікті бюджеттен 300 млн теңге қаралған.

Мектеп бітіруші немересінің соңғы қоңырауына қатысқан Қалдықыз Шалғынбаева енді қалған 8 немересін жазғы демалысқа ауылға алып кетпек. Бәйдібек ауданындағы Ақбастау ауылының тұрғыны, балапандарым қара шаңырақта емін- еркін тынығатын болды дейді.
Қалдықыз Шалғынбаева, қала тұрғыны: «Немерелерім ауылда шомылады, ойнайды. Еңбекке де баулимын, бақшада жұмыс істейміз».

Қаладағы балалардың демалысын тиімді өткізу мақсатында оқушылар сарайында жаз бойы түрлі үйірмелер толыққанды жұмыс істейді. Одан бөлек, осында 1 маусымнан бастап «Балдәурен» жазғы лагері іске қосылады.

Бақытжан Мұстафаев, Шымкент қалалық оқушылар сарайының басшысы: «Оқушылар сарайында ұйымдастырылатын жазғы лагерьде  маусым- 8 күннен-15 мың теңге, 3 мезгіл тамақ қарастырылған, үйірмелер, бассейін бар, флешмоб, түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Сонымен қатар, қаланың сыртындағы Ақсу лагерінде 2 ай бойы 6 маусымда 1200 бала тегін демалады. Аз қамтылған отбасыларының балалары».

Қалалық білім басқармасының мәліметі бойынша биыл 186 мыңнан астам оқушының жазғы демалысын тіиміді өткізу жоспарланған.

Рыскелді Әліш, Шымкент қалалық білім басқармасы басшысының у.м.а.: «Қала сыртындағы лагерлерде демалдыру үшін 300 млн. теңге қаралған. Орта мектептердегі аз қамтылған7 241 бала, балалар үйінің 147 баласы және «Дарын» мектептерінің 260 баласы қала сыртындағы лагерлерде демалады. Одан бөлек ата-аналар есебінен 27 655 бала демалатын болады».

Сондай-ақ, 130 мектепте сауықтыру бағытында 151 мыңнан астам оқушыны түрлі үйірмелер мен спорт секцияларымен қамту жоспарланған. Мәдениет саласы 12 мың, спорт саласы 14 мың баланы жеке кәсіпкерлердің қолдауымен түрлі үйірмелермен қамтиды.

Одан бөлек, басқармаға қарасты 11 қосымша білім беру ұйымдары және 17 аула клубтарында тегін үйірмелер ашылып, мәдени іс-шаралар өткзілетін болады. Және «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыстың тарихи-мәдени орындарына экскурсиялар өткізу жоспарланған.

Айта кетейік, бұдан бөлек Оқушылар сарайы жанында құны әр балаға 15 мың теңге болатын 8 күндік жазғы лагерьлер қарастырылған.

Шынар Оразова