Кеше Түркістан облысы Сайрам ауданы Низамабад ауылы тұрғындары бас көтеріп, көше жапты. Айтуларынша, ауыл маңында карьер жұмыс істейді. Одан тас тасыған жүк көліктері ауылға келетін ағын судың құбырын сындырып, жауып тастаған. Ауыл ағын сусыз қалып, егінге су жеткізу мұң болған. Ашуға булыққан тұрғындар көшені жауып, жүк көліктерін өткізбей қойған. Оқиға орнына полиция келіп, іске аудан әкімдігі араласты.
25 мамыр күні таңертең Түркістан облысы Сайрам ауданы Низамабад ауылының 100 шақты тұрғыны көшеге шығып, наразылық білдірді. Олардың айтуынша, ауыл шетіндегі карьерден жүк көліктері тас тасиды. Жүк көліктері ауыл ішінен кесіп өтеді. Шаң-тозаңнан жүріп-тұру қиындаған. Оған қоймай ауылға келетін ағын су құбырын сындырып, жауып тастаған. Нәтижесінде жұрт ағын сусыз қалып, ауласындағы егіні қурай бастаған.
Әлеуметтік желілерде тараған видеоларға қарағанда, ондаған жүк көлігі көше жағасында тұрғанын көруге болады. Ал көше жапқан тұрғындарға полиция келіп, жолды жабудың заңсыз екенін түсіндіруге тырысқан.
«Көшенің бас жағында машина жүріп, трубаны майыстырып қойған. Тас төсеп суды жауып қойған. Сосын келісімге келді, қазір істеп жатыр».
Қарамұрт ауылдық округі әкімдігі тұрғындардың шағымданып, жол жапқанын растады. Ауыл әкімінің сөзінше, олардың талабы орынды, әкімдік тұрғындардың талаптарды орындау үшін үш күн уақыт сұраған.
Мамуржан Нажиев, Қарамұрт ауылдық округінің әкімі: «Бүгін бірінші күні өз жұмысымызды құбырды алмастырып, ағын су өтетін құбырды қойып, карьер тарапына суларды септіріп, келесі аптаға толығымен асфальт жұмыстарын кәсіпкерлер, демеушілер тарапынан асфальттарды басуға қазір жайларды дайындап отырмыз».
Нажиев жолды жапқан тұрғындардың талабы толық орындалатынын мәлімдеді. Айта кетейік, Низамабад ауылында екі мыңнан аса адам тұрады.
Дилара Иса