Бір ай бойы Атырау, Қостанай, Қызылорда, Түркістан, Жетісу облыстары мен Шымкент қаласынан келіп, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының механикаландырылған бригадасына шақырылған 195 жас сарбаз әскери өмірдің алғашқы сабақтарын меңгерді. Енді, олар үшін өмір мектебіндегі алғашқы әрі басты емтихан – салтанатты түрде Әскери ант қабылдау рәсімі басталды.
Кеше ғана мектеп партасында отырған түлектер, колледж және жоғары оқу орындарының бітірушілері енді ортақ әскери дайындық бағдарламасымен білім алатын болады. Олар алғашқы кезең – жас сарбаз курсын сәтті аяқтады. Бұл кезеңде болашақ жауынгерлер саптық дайындықтың негіздерін, әскери жарғыларды, қару-жарақ түрлерін үйреніп, армиялық өмірге бейімделді.
Мыңдаған шақырым жолды артқа тастап, ұлдарын қолдауға келген ата-аналар мен жақындары әскери ант қабылдау сәтін көздеріне жас алып, мақтанышпен тамашалады.
Жас сарбаздар қолдарына қару алып, Отан алдындағы борыштарын адал орындауға, еліміздің егемендігі мен конституциялық құрылымын, халық пен мемлекетті жанқиярлықпен қорғауға ант берді.
Салтанатты шарада бригада және «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы басшылығы, сондай-ақ Қазақстан Қарулы Күштері ардагерлері кеңесінің Шымкент қаласы бойынша төрағасы, полковник (запастағы) Серікбай Онбаев пен «Желтоқсан ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестігінің Шымкент қалалық филиалының төрайымы Гүлмира Оспанова сарбаздарды құттықтап, ақ жол тіледі.
Өз сөзінде «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысының орынбасары полковник Ержан Мейірманов ант мәтінінің әрбір әскери қызметші үшін зор жауапкершілік екенін атап өтті:
– Бүгінгі сарбаздар – батыр бабалар жолын жалғаушы, ел тыныштығын қамтамасыз ететін абыройлы міндет иелері, – деді полковник.
Әскери ант қабылдағаннан кейін сарбаздар салтанатты саптық шеру өткізіп, бір айда үйренген машықтарын көрсетті. Олар дене дайындығы бойынша №1 және №2 жаттығу кешендерін, қарумен саптық әрекеттерді, саптық дефиле мен армиялық жауынгерлік қолма-қол ұрыстың тәсілдерін орындады.
Салтанатты шара соңында сарбаздардың ата-аналарына арналған экскурсия ұйымдастырылып, казарма мен асхана көрсетілді. Әскери бөлім басшылығы олардың сұрақтарына жауап берді.