Шымкенттік спортшы 120 тонна жүк вагонын сүйреп, рекорд жаңартты

Шымкентте пауэрлифтингтен спорт шебері Артық Досалиев рекорд жаңартты. Ол салмағы 120 тонна шығатын бес жүк вагонын жалғыз сүйреді. Спортшы бұл көрсеткішін Жеңіс күнінің 80 жылдығына арнайтынын жеткізді.

Бүгін 52 жастағы пауэрлифтингтен спорт шебері, бес дүркін әлем чемпионы, екі дүркін Еуропа чемпионы, сегіз дүркін Азия чемпионы Артық Досалиев вагон сүйреуден рекорд жаңартты. Ол Шымкенттегі шойын жолдардың бірінде салмағы 120 тонна шығатын 5 жүк вагонын жалғыз сүйреді.

Артық Досалиев, полерлифтингтен спорт шебері, рекордшы: «Ендігі жылға да осындай Жеңістердің қарсаңында 6,7,10 -20 вагонға дейін сүйреуге ниеттеніп отырмын. Алдымызда тағы жүк боингтар сүйрейміз. Ақтауға барып танкер сүйрейміз Алла тағала қолдаса. Сол жастарға үлгі болайын деп, мотивация берейін деп… Жастарымызға айтарым: жасқа қарамай 60-70 жасқа дейін спортпен айналысуға болады екен. Ешқандай шектеу жоқ екен жаста».

Спорт шебері бұл тарихи жетістігін Жеңістің 80 жылдығына арнағанын айтады. Ол бұл үшін жыл бойы дайындалған. 120 тонна жүкті 20 метрге сүйреу жоспарланғанымен, 21 метрден асырып тоқтады.

Бақытжан Сәбитұлы, Қазақстан рекордтар кітабының ресми өкілі: «21 метр 40 см-ге дейін тартты. Салмағы, жалпы салмағы — 120 тонна. Рекордсменге осындай сертификат береміз. Бұл сертификат осы рекордты орнатты деп растайды. Және кітабымыз екі жылда 1 рет шығады, сол кітапқа енеді».

Досалиевтің өнерін бақылаған Қазақстандағы рекордтар кітабының ресми өкілі Бақытжан Сәбитұлы бұған дейін де Қазақстанда жүк вагонын сүйреу дерегі тіркелгенін, дегенмен көрсеткіш жаңарғанын айтады. Досалиевтің ерекшелігі, оның бір сәтте 120 тонналық 5 жүк вагонын сүйреуінде. Бұл вагон санынан да, оның салмағы жағынан да жоғарғы көрсеткіш.