Түркістандық ТЖД қызметкері Әлем чемпионатында рекорд жаңартты

49

Түркістандық спортшы әлем чемпионатында үздік нәтиже көрсетіп, көпшілікті тәнті етті. Жарыс 14 елдің арасында Өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша өткен.

Түркістандық желаяқ қыз, Айдана Тұрсын Өрт сөндіру-құтқару спортынан Әлем чемпионатында Қазақстан атынан қатысып, рекорд жаңартты. Оның көрсеткіші 7,2 секунд. Қас қағым сәтте 33 метрді жүгіріп өтіп, 2 қабатқа көтеріліп үлгерген қыз өз командасын жеңіске жетеледі.

Айдана Тұрсын, Түркістан облысы ТЖД маманы: “Біздің ұлттық құрама әлемдегі мықты спорттық топ болып есептеледі. Біз осы жолы 2,3 орынды алдық. Мен Қазақстанның рекордын жаңарттым. Аллаға шүкір. Жүгірген видеом әлеуметтік желіде тарап, көп қаралым жинады. “Қалай тез жүгіреді?” деп таңғалып, “өрмекші әйел” деп жатқандары да бар”.

Бұл Айдананың жалғыз рекорды емес. Ол 100 метрге кедергімен жүгіру бойынша да есепті жаңартты. Айтулы арақашықтықты 16 секундта жүгіріп өткен спортшының жаттықтырушысы, Айдана мұндай жетістікке табандылығының арқасында жеткенін айтады.

Данияр Әбдіхалықов, жаттықтырушы: “Біздің құрама жақсы нәтиже көрсетті. Қыздар құрамасында 10 спортшы болды. Соның ішінде Айдана Тұрсын өз рекордын қойып, командасын жеңіске жеткізді. Спортшы мінезді болмаса жеңіске жете алмайды. Айдана да сондай мінезді қыз”.

Әлеуметтік желіні шулатқан спортшының бұл салаға келгеніне 3 жыл болған. Оған дейін жеңіл атлетикамен айналысыпты. Сонымен қатар, ол бұған дейін бірнеше дүркін Қазақстан чемпионы да атанған.