Ғылым және жоғарғы білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов биыл студенттердің шәкіртақысы тағы өсетінін хабарлады. Мысалы, бакалавриат деңгейінде білім алып жүрген студенттердің шәкіртақысына 5 мың теңге шамасында қосылып, 52 мыңнан асады. Шәкіртақы көлемі туралы студенттер не дейді?
Ғылым және жоғарғы білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов үкімет отырысында биыл студенттердің шәкіртақысы тағы өсетінін мәлімдеді. Айтуынша, мысалы бұл 2020 жылмен, яғни 5 жыл бұрынғы бакалавриат деңгейінде білім алып жүрген студент шәкіртақысымен салыстырғанда 2 есе артық. Қазір бұл студенттер 47 мың теңге шәкіртақы алатын болса, қыркүйекте 52 мың теңгеге өседі.
Талғат Ешенқұлов, Ғылым және жоғарғы білім вице-министрі: «Олардың степендиясының көлемі өсетін болады. Бакалавриат үшін степендияның өлшемі 52372 теңге, магистратура үшін 117 098 теңге және де докторантура үшін 262 500 теңгені құрайтын болады. Яғни, ағымдағы жылы бакалавриат деңгейіндегі степендия көлемі 2020 жылмен салыстырғанда 2 есеге, ал магистратура мен докторантура деңгейінде 1,75 есе артады».
Десе де күнделікті тұтынатын тауар мен қызмет ақысы өсіп жатқан тұста бұл студенттердің айлық шығынын жаба ма? Шәкіртақы көлемі туралы студенттердің пікірі әрқилы. Бірі үнемдеп жеткіземіз десе, енді бірі қосымша жұмыс істеп күнкөреміз дейді.
«Студенттік өмір ғой енді. Бәрібір шығады, жеп-ішетін тамағы бар. Жолгүре, транспорт деген сияқты. Ары-бері жүреді. Бірақ енді ықшамдаса мүмкін жетіп қалады».
«Адамның өзіне байланысты ғой негізі. Мысалы, маған жетпейді. Ары кетсе екі аптаға жетеді. Сосын қалмайды. Содан жұмыс істеп кетеміз өзіміз. Бізге жетпейді.
Негізі ақша деген өмірі жетпейді ғой. Көтерген дұрыс деп санаймын. Кез-келген студентке керек-жарағын алуға».
«Бір айда жалпы 100 мың теңге, 150 мың теңге. Былай қыдыру көп болып кетсе 150 мың теңге, ешқайда шықпай жүрсең 100 мың ғой».
Министрлік 2024 жылы шәкіртақы мөлшерін былай бекіткен. Бакалавриатта білім алатындар 47 135 теңге, оның ішінде педагогикалық бағытта оқитындар – 75 600 теңге шәкіртақы алған. Магистранттарға 107 061 теңге, докторанттарға 240 000 теңге шәкіртақы берілген.