Түркістанда мал дәрігерлері алаяқтық жасады деген күдікке ілінді

Түркістан облысы Сауран ауданында мал дәрігерлері алаяқтық жасады деген күдікке ілінді. Облыс прокуратурасының мәліметінше, күдіктілер мал шаруашылығын дамытуға бөлінген аса ірі мөлшердегі мемлекет қаржысын жымқырған. Іс сотқа жеткен.

Түркістан облысы Сауран аудандық ветеринария бөлімінің ветеринариялық станция қызметкерлері «алаяқтық жасады» деген күдікке ілінді. Күдіктілер ауылшаруашылығын дамыту үшін берілген субсидияны жымқырған.

Досымхан Айтишев, Түркістан облысы прокурорының орынбасары: «Тергеу барысында Оранғай, Жаңа Иқан ауылдық округтерінің ветеринарлары мен ветеринарлық бекеттің меңгерушісі 31 шаруа қожалығында іс жүзінде жоқ малдардың бар екендігі туралы деректер базасына жалған мәліметтерді енгізіп, жалпы сомасы 271 млн теңге субсидияны жымқырғаны анықталды».

Станция қызметкерлері қолдан құжат жасап, өмірде жоқ ұсақ және ірі қара малды тіркеген. Және сол арқылы мемлекеттың аса ірі көлемде ақшасын қолды қылған. Күдікті ретінде 5 адам ұсталған.

Досымхан Айтишев, Түркістан облысы прокурорының орынбасары: «Іс бойынша 5 адам күдікті деп танылды. Оның ішінде үшеуі ветеринария қызметкері. Және біреуі ветеринария станциясының меңгерушісі».

Күдіктілер жымқырды деген 271 миллион теңге ақшаның 19 миллион теңгесін қайтарған. Олардың 120 миллион теңге тұратын мүлкіне тыйым салынды. Іс сотқа өткен. Сот тергеуі басталған.