Түркістан облысында 336 шаруаның құрғақшылықтан, жауын-шашынның аздығы мен ағын судың тапшылығынан егіні шықпай, шықса да ораққа ілінбей қалуы ықтимал. Бұл шаруалардың жайынан ауылшаруашылығы министрлігі хабардар. Олардың несиесін төлеу мерзімін ұзарту мәселесі қаралып жатыр. Бұл туралы Түркістан өңірлік коммуникация қызметінде өткен аймақтағы су тапшылығы туралы өткен брифингте мәлім болды.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтың мәлімдеуінше, аймақта су тапшылығынан шаруалар шығынға батып жатыр. Әсіресе ауылшаруашылығы дақылдарын, атап айтқанда арпа, бидай еккендердің жайы мәз емес.
Нұрбол Тұрашбеков, Түркістан облысы әкімінің орынбасары: «Егістік жерлерімізге 360 мың гектар жерге шаруалар бидай, дәнді-дақылдар дейміз жаңағы бидай, арпа, мақсарысын еккен болатын. Ол жерлерге де қазір көктемнің қуаңшылықпен шығуына байланысты 336 шаруаның ол деген 50 мың гектар жерге өспей қалуына жаңағы өссе де бойының пәс болуына, ораққа ілінбей қалу қаупі бар. Бұл бойынша да біз министрлікке хабарладық. Алдағы уақытта несиелерін ұзарту мәселесінде жұмыстар жүргізетін боламыз».
Сондай-ақ, оңтүстік аудандарда да су тапшылығы болу ықтималдылығы жоғары деді облыс әкімінің орынбасары. Оның сөзінше, Шардара, Мақтаарал және Жетісай аудандарында ағын судың азайғаны байқалған.
Нұрбол Тұрашбеков, Түркістан облысы әкімінің орынбасары: «Оңтүстік аудандарда су тапшылығы болады деген қауіп бар. Ол бізде Шардара, Мақтаарал, Жетісай ауданы. Біздеге трансшекаралық магистрал каналы арқылы алынатын су, ағын сумен қамтамасыз етілетін, 28,6 метр куб секунтына келсе үстіміздегі жылы, өткен жылы 40 метр куб секунтына алған болатынбыз. Төмен деңгейде».
Сарыағаш, Қазығұрт, Келес ауданындағы жағдай да оңып тұрған жоқ. Бұл аудандарда суармалы жер көлемі 68 мың гектар. Шаруалар «Зах», «Ханым», «Үлкен Келес» магистралды каналдарынан су алады. Мұнда да судың келу деңгейі төмендеген. Ресми мәліметке қарағанда, Түркістан облысында биыл 896 мың гектар жерге ауылшаруашылығы дақылдары егілген. Оның 552 мың гектары суармалы жер.
Дилара Иса