Қазығұрттың үздік оқушылары сауықтыру лагеріне тегін жолдама алды

фото ҚАӘБҚ

Білімді ұрпақ – жарқын болашақ кепілі. Сондықтан келешек ұрпағымызды білімді, білікті, бәсекеге қабілетті етіп тәрбелеу – мемлекетіміздің басты ұстанымдарының бірі. Бүгінгі жас ұрпаққа жан-жақты білім беру, тәрбиелеу – әрбір ұстаздың басты міндеті.

Түркістан облысына қарасты Қазығұрт ауданында мектеп оқушылары түрлі деңгейдегі білім жарыстарына белсенді түрде қатысады. Пәндік олимпиадалар, ғы¬лыми-зерттеу жобаларына қатысып, мектеп абыройын асырып жүр. Осы ретте білім саласының мамандары да білімге ұмтылған жастарды қуантуға әрдайым асық.

Қазығұрттық үздік оқушылар «Қазақстан халқына» қорының есебінен жазғы сауықтыру лагеріне тегін жолдама алды. Атап айтқанда, Қазығұрт ауданының білім бөліміне қарасты білім мекемелерінен 180 үздік оқушы Түлкібас ауданында орналсқан «Қуаныш» жазғы сауықтыру лагеріне аттанып, өз демалыстарын әдемі өткізуге мүмкіндік алып отыр. Олар Қ.Тұрсынқұлов атындағы мектеп-гимназиясы, С.Рахимов атындағы, Ы.Алтынсарин атындағы және т.с.с. жалпы білім беретін мектептерінің білім алушылары.

Жыл сайын жаз мезгілінде балалардың демалысын тиімді ұйымдастыру мақсатында өткізіліп келе жатқан бұл шара биыл да өз жалғасын табуда.
Жергілікті білім бөлімі балалардың жазғы демалысы мен сауықтыру шараларына ерекше көңіл бөлуде.
Жазғы сауықтыру лагерінің мақсаты – балалардың жазғы демалысын қызықты әрі қауіпсіз өткізіп қана қоймай, олардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға, достық пен ұжымдық қарым-қатынасты нығайтуға үлес қосу. Балалардың алаңсыз демалуына барлық жағдай жасалған. Тәжірибелі тәрбиешілер мен медицина қызметкерлері оқушылардың тынығуын толықтай қамтамасыз етеді.