«Қызметін асыра пайдаланған» күзетшінің бас бостандығы 2 жылға шектелді

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты 23 жастағы күзетшінің 2 жылға бас бостандығын шектеді. Оған «қызметін асыра пайдаланып», «Үш ноян» қонақүйінде масаң күйде жүрген жәбірленушіні ұрып-соғып жарақаттады деген айып тағылған. Айыпталушы кінәсін мойындаған жоқ.

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты 23 жастағы күзетші Е.Б-нің бас бостандығын 2 жылға шектеп, жылына 100 сағаттық мәжбүрлі еңбекке тартты. Ол «қызметін асыра пайдаланды» деген күдікке ілінді.

«Е.Б Қылмыстық кодекстің 252-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылсын. Күзет саласында лауазымды қызмет атқару құқығынан 2 жыл мерзімге айыра отырып, бас бостандығынан шектеу жазасы 2 жыл мерзімге тағайындалсын»

Жоғарғы соттың сот кабинеті жүйесі

Е.Б. Шымкенттегі «BAUR SECURITY» күзет агенттігінде жедел топ қызметкері болып жұмыс істеген. Күзетшілерге 2024 жылдың 11 қарашасында «Үш ноян» қонақүйінде мас адамды сыртқа шығару туралы хабар түскен. Қонақүйге барып, жәбірленушіні сыртқа шығармақ болғанда ол айыпталушыны балағаттаған. Бұған ашуланған Е.Б оны сыртқа шығарып, ешкім жоқ екенін пайдаланып ұрып-соққан. Жәбірленуші алғашында есін жиғанымен, үйіне барғанда есінен танып қалған. Сөйтіп аурухнаның жан сақтау бөлімінен бір-ақ шыққан. Тергеу кезінде оған сот-медициналық сараптама тағайындалған.

«Ауыр қосарланған жарақат. Жабық бас ми жарақаты. Бас миының ауыр дәрежелі соғылуы. Бас миының қатты қабықша астына қан құйылуы. Гаймор қуысының сол жақ бөлігінің алдыңғы қабырғасының жабық түрде сынуы. Кеуде торының жабық жарақаты. Сол жақ кеуде торының 4,5,6,7,8-ші қабырғаларының жабық түрде сынуы. Өкпесінің соғылуы, сол ақ құлақ қалқанының соғылған жарасы, оң және сол құлақ қалқанының, көз айналасының, мұрын қырының соғылуымен көгеруі» дене жарақатын алған.

Жоғарғы соттың сот кабинеті жүйесі

Сотта айыпталушы кінәсін мойындамаған. Айта кетейік, айыпталушы да, жәбірленуші де апелляциялық шағым түсірмеген.

Дилара Иса