Шымкентте психикалық денсаулық орталығында «науқастарды зорлаған» екі санитар 15 жылға сотталды

Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Түркістан облыстық психикалық денсаулық орталығында емделген екі қызды зорлады деп айыпталған орталық санитарлары Н.Д пен Н.Д әрбірін 15 жылға түрме жазасына кесті. Айыпталушылар кінәсін мойындамаған, олардың қорғаушылары «бұл – жала» дейді. Жәбірленушілер сот үкімімен келіседі.

Самидин Теміралиев, судья: «Сот үкім етті. Н.Д Қылмыстық кодекстің 120-бабында көзделген қылмыстық құқықбұзушылық белгісімен кінәлі деп танылсын. Оған осы баппен психологиялық-педагогикалық және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеумен байланысты лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойынша айыра отырып, 15 жылға бас бостандығынан айыту жазасы тағайындалсын».

Сот 33 жастағы Н.Д пен бірге 43 жастағы Н.Д да да дәл осындай жаза тағайындады. Олар жазаны қауіпсіздігі орташа түзеу мекемелерінде өтейтін болды. Екі сотталушы да өткен жылдың қараша айынан қамауға алынған. Олардың сот үкімі күшіне енгенге дейінгі бір күні жаза мерзімінің бір жарым күніне белгіленді. Сонымен бірге жәбірленушілердің моралдық өтемақы туралы азаматтық талабы ішінара қанағаттандырылды. Сот олардың әрбіріне сотталушылардан 5 миллион теңге көлемінде моралдық зиян өтдірілсін деп шешті. Бұл өтемақы 2 ай ішінде өтеу міндеттелді.

Д. пен Д. Шымкенттегі Түркістан облыстық психикалық денсаулық орталығында санитар бақылаушы болып жұмыс істеген. Екеуі де бұрын сотты болмаған, отбасылы, кәмелет жасқа толмаған балалары бар. Өткен жылы оларға орталықтан ем алуға келген екі қызды зорлады деген айып тағылған. Жәбірленушлердің бірі кәмелет жасқа толмаған қыз. Ол орталықта ем алып жатқан кезде бойына бала біткені анықталып, артынан денсаулығына байланысты түсік жасатқан. Сот жабық өтті.

Сот алдағы уақытта мұндай кемшіліктерді болдырмауға бағытталған шараларды көру үшін Шымкент қалалық полиция департаменті пен қалалық прокуратураға жекеше қаулы жіберілетінін мәлімдеді. Жекеше қаулы Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен облыстық психикалық денсаулық орталығының бас дәрігеріне қатысты шығарылды.

Сот үкім оқып жатқанда сотталушылар мен олардың туыстарын өздерін фото, видеоға түсіруге тыйым салды. Сотталушылардың қорғаушылары сот үкімімен келіспейтінін, үкім біржақты шыққанын, апелляциялық шағым түсіретіндерін мәлімдеді. Олардың кейбірі сот үкімін жылап тұрып тыңдады.

Т.Д-в, сотталушы Н.Д-тың әкесі: «Сот шешіміне қарсымын. Келіспеймін мұнымен. Мұның бәрі ойдан құрастырылған нәрсе.  Мұның бәрі жалған жала. Жаланың арқасында кетіп жатыр екі бала. Жалғанның құрбаны болып. Бізге дәлелін әкеліп көрсетсінші, үндемей қоятын едік. Істеген екен балалар деп. Дәлел жоқ қой, дәлел. Ешқандай».

Совет Медеубаев, сотталушы Нұрбек Дүйсебаевтың қорғаушысы: «Сот үкімімен келіспейміз. Үкім айыптау бағытында біржақтама өтті деп санаймыз. Бұл соңғы шешім емес. Алдағы уақытта жоғары тұрған соттарға арызданамыз, шағымданамыз».

Жәбірленушілер керісінше сот үкімімен келіседі. Айтуларынша, мұндай шешім күтпеген. Айыпталушылар ақталып кете ме деп күдіктенген.

Жамал Бакирова, жәбірленушінің қорғаушысы: «Диспансердегі камераларды тергеуде дер кезінде алынбауы салдарынан мекеме психикалық денсаулық орталығы жойып жіберген. Ол туралы дәлелдемелерді, 1 миллионға сатты деген дәлелдемелерді, сотталушылардың сөйлескенін сотқа ұсындық».

Жәбірленуші: «Әділ шешім қабылданды. Келісемін сотпен. Оңай болған жоқ. Шыны керек».

Жәбірленушінің анасы: «Қызыма сендім. Себебі тергеу кезінде көп қысымдар болды. Сот кезінде де қысым болды. Сол себепті күдіктенген едім».

2024 жылдың қараша айында Шымкенттегі психикалық денсаулық орталығында емделген екі қыз «мекеме қызметкерлері бірнеше рет зорлады» деп мәлімдеген еді. Олардың бірі кәмелет жасқа толмаған болатын. Ол зорлықтан кейін бойына бала бітіп, денсаулығына байланысты түсік жасатқан.

Полиция «Зорлау» бабымен іс қозғағанымен күдіктілер анықталмағанын айтқан жәбірленушілер кінәлілер жазадан құтылып кете ме деп алаңдаған. Көп өтпей полиция күдікті ретінде екі санитардың ұсталғанын хабарлаған.