Түркістанда ішімдіктен бас тартқан ауыл саны 66-ға жетті

Түркістан облысында ішімдіктен бас тартқан ауылдардың қатарына тағы үш ауыл қосылды. Сонымен аймақта салауатты өмір салтын ұстануға тиетті ауыл саны 66-ға жетті. Ауыл халқы бұл тек қана халықтың денсаулығына ғана емес, өмір сүру салтына, мәдениетіне әсер етеді дейді.

Түркістан облысында ішімдіктен бас тартқан ауыл саны 66-ға жетті. Жақында мұндай ауылдар қатарына Төлеби ауданына қарасты Зағамбар, Алғабас және Тағайна ауылы қосылды.

Сүттібай Егізбай, Зағамбар ауылының тұрғыны: «Зағамбар елінде 6 мыңнан артық ел тұрады. Оның жартысынан көбі өзбек халқы, қазақ халқы. Ал Тағайнада – өзбек халқы, Алғабаста қазақ халқы. Сондықтан да бұл үш ауыл да ішімдіксіз ауыл атанып отырмыз. Өте қуаныштымыз. Әрине бұл бір адамның қолынан келмейді».

Хушнид Мадалиев, Тағайна ауылының тұрғыны: «Мен Тағайна ауылы тұрғындары атынан, яғни жастар атынан болсын өте қуаныштымын. Біз қолдаймыз, құптаймыз».

Ішімдіксіз ауыл жобасын ішкі істер министрлігі бастаған. Түркістан облыстық полиция департаментінің дерегінше, ішімдіксіз өмір салтын таңдаған ауылдарда қылмыс тіркелмеген.

«Түркістан облысында ішімдіктен бас тартқан ауыл саны 66-ға жетті. Бұл қадам – қоғамдық келісім мен жауапкершілікке негізделген маңызды бетбұрыс. Мұндай ауылдарда қылмыс деңгейі нөлге тең және қоғамдық тәртіптің жақсаруына оң әсерін тигізуде»

Түркістан облыстық полиция департаменті

Ауыл тұрғындары ішімдік адамдардың денсаулығымен бірге өмір сүру салтына, мәдениетіне әсер етеді дейді. Айта кетейік, бұдан бұрын облыста Дермене, Табысты, Жаңажол, Нұртас және Мәдениет ауылы ішімдіксіз ауылдар қатарына қосылған еді.

Дилара Иса