«Жиені мен жездесін өлтіріп, өзенге батырып жіберген»

Түркістан облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында алқабилердің шешімімен жиені мен жездесін ұрлап, өлтіріп, денесін Сырдария өзеніне батырып жіберген ағайынды екі адамға үкім шығарылды. Олардың біріне 23 жыл, екіншісіне 24 жыл 6 ай түрме жазасы кесілді.

Түркістан облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты алқабилердің қатысуымен аса ауыр қылмыс жасаған ағайынды жігіттің ісін қарап бітті. Сотталушылар алдын ала сөз байласып жиені мен жездесін ұрлап, бас бостандығынан заңсыз айырған. Содан кейін өлтіріп, денесін өзенге батырып жіберген.

«5 тамыз 2024 жылы түнгі уақытта сотталушылар Түркістан облысы Шардара қаласының маңында Сырдария өзенінің жағасында адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы жәбірленушілерді күш көрсетіп, бас бостандығынан айырған. Аяқ-қолын, көзін, аузын және тыныс алу жолдарын скотч арқылы байлап, кеуде тұстарынан бірнеше рет соққы жасаған. Нәтижесінде алған жарақаттардан жәбірленушілер қайтыс болған. Сотталушылар қылмыстарын жасыру мақсатында жәбірленушілердің мәйіттерін өзенге ағызып жіберген»

Түркістан облыстық сотының баспасөз қызметі: «Әпкесі сол екі інісіне беттестіру кезінде барып сөйлескеннен кейін, әпкесі ол сөздерді көтере алмай ол кісі де қаза табады. Яғни, бір үйден үш адамның қазасы».

Айыпталушылар Қылмыстық кодекстің «Адамды ұрлау» бабы, «Бас бостандығынан заңсыз айыру» бабы және «Адам өлтіру» бабымен кінәлі деп танылды. Шешімді алқабилер шығарған. Жасаған қылмыстарының жиынтығы бойынша сотталушылардың бірі – 24 жыл 6 ай мерзімге, екіншісі 23 жылға бас бостандығынан айырылған.

«Жәбірленушінің азаматтық талап қою арызы ішінара қанағаттандырылды. Сотталушылардан ортақ тәртіпте моральдық зиян 30 миллион теңге, адвокатқа төленген 2.4 миллион теңге өндірілді» Түркістан облыстық сотының баспасөз қызметі

Айта кетейік, үкім 10 маусым күні шыққан және заңды күшіне енбеген.