«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы Түркістан облысы аумағынан өтетін республикалық маңызы бар А-15 «Жызақ — Гагарин — Жетісай — Киров — Қызыл әскер — Сарыағаш — Абай — Жібек жолы» автожолының 156-190 шақырым аралығындағы учаскесінің жөндеу жұмысына жүк көліктері кедергі келтіріп жатқанын хабарлады. Ал жүк көлік иелері мердігер компанияны кінәлайды. Айтуларынша, төселген жол сын көтермейді.
»
Бұл жаңа трасса. Шымкенттен Өзбекстан шекарасына дейінгі. Жақында осында пробка сұмдық болған».
Бұл «ҚазАвтожолға» қарасты жолдың сиқы. Жүргізушінің сөзінше, жақында жөндеуден өткен жолдың сапасы сын көтермейді. Көлік иесінің сөзінше, жолдың бұлай бұзылуының себебін жүк көліктерінен емес, жол төсейтін мердігер компанияның жұмысынан іздеу керек дейді.
«ҚазАвтожол» қараңыздар, бұл сіздердің бақылауыңызда. Жаңа жол, қанша уақыт болды, бір ай ма?».
Дегенмен «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы ауыр жүк көліктері жаңадан салынған жолдарды бүлдіріп жатыр деп айыптайды. Компанияның хабарлауынша, көлік жүргізушілері шектеу қойылған аймақтардағы жол қозғалысы ережелерін сақтамайды. Әсіресе жүк көліктері жөндеу жұмыстары толық аяқталмаған жол учаскелерінен өтіп, жаңа төселген жабынды бұзады, уақытша шектеулерге немқұрайлы қарайды. Нәтижесінде, жол жамылғысы мерзімінен бұрын жарамсыз хәлге түседі. Оған тағы қосымша қаражат бөлінетінінен бөлек, жөндеу жұмысы уақытылы аяқталуына кедергі келтіреді.
«Мұндай жағдайдың нақты мысалы ретінде Түркістан облысы аумағынан өтетін республикалық маңызы бар А-15 «Жызақ — Гагарин — Жетісай — Кировс — Қызыл әскер — Сарыағаш — Абай — Жібек жолы» автожолының 156-190 шақырым аралығындағы учаскесін айтуға болады. Бұл аралықта ұзындығы 34 шақырымды құрайтын орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жобаның аяқталуы 2025 жылдың қазанына жоспарланған. Жоба аясында ескі жабынды жону, екі қабатты асфальтобетон төсеу және нығайтылған жол жиегін орнату көзделген»
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы
Компания мәліметінше, шілде айында дәл осы автожолдың 18 шақырым жерінде ақау анықталған. Асфальтбетон жамылғысында ойықтар мен шұңқырлар пайда болған. Компания мұны ауыр жүк көліктерінен көреді. Олар рұқсат етілмеген қозғалыста жүрген, белгіленген тәртіпті өрескел бұзған. Ескерту белгілерінне қарамай кейбір жүргізушілер жаңадан төселген жабынмен жүрген.
«Жөндеу жұмыстары шектеулі жағдайда жүргізілуде. Балама айналма жол қарастырылмаған. Ал көлік ағынының қарқындылығы тәулігіне 15 мыңнан асады. Сонымен қатар, өңірде ауа температурасы +45, +50 С-қа дейін жететін аптап ыстық байқалуда. Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің бұйрығына сай 1 маусымнан 31 тамызға дейін ауа температурасы +25С-тан асқан жағдайда сағат 10:00-ден 22:00-ге дейін салмағы 8 тонннадан асатын ауыр жүк көліктерінің қозғалысына Түркістан облысында шектеу енгізілді. Алайда бұл талаптар жиі ескерілмей, өрескел бұзылуда»
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы
Анықталған ақауларға байланысты жөндеу жұмысы уақытша тоқтаған. Мердігер компания өз есебінен анықталған кемшіліктерді қалпына келтіріп жатыр.
Дилара Иса