Шымкентте полицейлер қоғамдық тәртіпті сақтау, атыс қаруын қолдана отырып жасалатын қылмыстардың алдын-алу және жолын кесу мақсатында «Қару» іс-шарасын өткізді. Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, шара кезінде заңсыз сақталған 9 қару анықталған. Бұл бойынша қылмыстық іс ашылып, тергеу басталған.
Шымкентте полицейлер «Қару» іс-шарасы кезінде 5 мыңнан аса қару иесін тексерген. Тексеру кезінде заңсыз ұсталған 9 суық қару тәркіленіп, тергеу амалдары басталған. Бұл туралы қалалық полиция департаменті ақпарат таратты.
Асқар Жүзжасаров, Шымкент қалалық полиция департаментінің басқарма басшысы: «Тексеру барысында 9 суық қару тәркіленіп, тергеу амалдары жүргізілуде. Ол қарулар қолдан жасалған шолақ мылтық немесе арнайы пистолеттерді ішінен қайта құрастырып, оны қылмыстық іс әрекет мақсатында пайдалану үшін жасалған қарулар болып саналады. Қазіргі таңда аудандық Ішкі істер бөлімінде осы күнге дейін жасалған қылмыстарға қатыстылығы бар, жоқтығы нақтыланып, анықталуда».
Полиция бұл шара қоғамдық тәртіпті сақтау, атыс қаруын қолдана отырып жасалатын қылмыстардың алдын-алу және жолын кесу мақсатында ұйымдастырылғанын хабарлады. Шара аясында полицейлер қару иелерінің тұрғылықты жері бойынша аңшылық алқаптарда, шалғайдағы шаруа қожалықтарында рейдтік іс-шаралар жүргізген.
«Азаматтық қару айналымы саласында 128 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Қаруды сақтау, алып жүру және тасымалдау тәртібін бұзғаны үшін 3 адам, тіркеу тәртібін бұзғаны үшін 20 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды», деп хабарлайды Шымкент қалалық полиция департаменті
Полиция тұрғындар заңсыз сақталған қаруды, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды өз еркімен тапсырған жағдайда егер олардың іс-әрекетінде өзге қылмыстар құрамы болмаса, қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылатынын ескертеді.
Дилара Иса