Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Бас штабы Аумақтық қорғаныс департаментінің 2025 жылға арналған жауынгерлік даярлық жоспарына сәйкес, Шымкент гарнизонында маңызды оқу-әдістемелік жиын өтуде.
Ауқымды шараны Қарулы күштер Бас штабы бастығының орынбасары – Аумақтық қорғаныс департаментінің бастығы генерал-майор Асқар Жоламанов басшылық етуде. Жиын 50120 әскери бөлімінің базасында шілде айының алғашқы аптасында ұйымдастырылуда.
Жиынға өңірлік қолбасшылықтар мен Десанттық-шабуылдау әскерлерінің аумақтық әскерлер басқармалары бөлімшелерінің бастықтары, әкімдердің әскери қауіпсіздік және қорғаныс мәселелері жөніндегі көмекшілері, аумақтық қорғаныс бригадаларының командирлері, әкімдіктердің жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармаларының өкілдері қатысуда.
Қарулы күштер Бас штабы бастығының орынбасары – Аумақтық қорғаныс департаментінің бастығы генерал-майор Асқар Жоламанов атап өткендей, бұл – 2017 жылы аумақтық әскерлері құрылғаннан бері осындай құрамдағы мамандармен өткізілетін ірі форматтағы төртінші оқу-жиын. Биылғы ерекшелік – құрамына алғаш рет жергілікті атқарушы органдардың өкілдері де еніп отыр. Бұл азаматтық және әскери құрылымдар арасындағы үйлесімді әрекетті арттыруға мүмкіндік береді.
Жиын барысында қатысушылар аумақтық қорғаныс күштерін жоспарлау, өрістету және басқару мәселелері бойынша теориялық және практикалық сабақтарға қатысады. Практика барысында әскери міндеттілермен оқу-жаттығулар ұйымдастырылып, қатысушылардың кәсіби даярлығы, оның ішінде теориялық білімі мен физикалық дайындығы тексеріледі.
Сонымен қатар, жиын аясында қатысушылар арасында салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында волейбол, арқан тарту, пневматикалық винтовкамен ату сайыстары ұйымдастырылатын болады. Оған бес командадан тұратын 60 әскери қызметші қатысты. Жиынның бірінші күні өткен волейболдан жарыстың нәтижесінде:
1-орын – Шымкент аумақтық қорғаныс бригадасы;
2-орын – Шымкент қаласының қорғаныс істері жөніндегі департаменті;
3-орын – әкімдердің әскери қауіпсіздік жөніндегі көмекшілері иеленді.
Жеңімпаздар оқу-жиын қорытындысы бойынша салтанатты түрде марапатталатын болады.
Жиын аясында «Аумақтық қорғаныс туралы» ҚР Заңы жобасының және оны дамытуға арналған кешенді жоспардың талқылануы көзделген дөңгелек үстел отырысы өткізу де жоспарланып отыр.
Оқу-әдістемелік жиын аумақтық қорғаныс жүйесінің тиімділігін арттыруға, дағдарыстық жағдайларда оны шұғыл өрістетуге дайындықты пысықтауға бағытталған.