«Химфарм» ғимараты террористік тұрғыдан осал нысандар тізімінде қалды

Шымкенттегі «Химфарм» акционерлік қоғамының ғимараты террористік тұрғыдан осал объекті талаптарына сәйкес болып шықты. Бұл туралы терроризмге қарсы орталық хабарлады. Орталық мәліметінше, арнайы жұмыс тобы «Химфарм» акционерлік қоғамының ғимаратын тексерген. Топ ғимараттың үкіметпен белгіленген талаптарға сай, не сай емесін анықтаған.

«Нәтижесінде «Химфарм» акционерлік қоғамы террористік қауіп төнген жағдайда біршама адам шығынына алып келетіні және экономикалық және экологиялық зиян келуі мүмкін әлеуетті қауіпті объект ретінде танылып, террористік тұрғыдан осал объектілер тізімінде қалды» Қазақстан Республикасының терроризмге қарсы орталығы

Жұмыс тобының құрамына арнайы, құқық қорғау органдары және жергілікті атқарушы органдарының жауапты өкілдері кіреді. Ендігі кезде «Химфарм» ғимаратының жайы терроризмге қарсы комиссиясы жанындағы жұмыс тобының отырысында қаралады.

Айта кетейік, ғимарат террористік тұрғыдан осал болмауы үшін берік, қорғанысы талапқа сай, төтенше жағдайлардың алдын алуға және адамдардың қауіпсіздігін сақтауға бағытталған болуы шарт.

Дилара Иса