Түркістан облысы Келес ауданындағы қазақ-өзбек шекарасындағы «Бауыржан Қонысбаев» атындағы кеден бекетінде оннан аса жүк көлігінің тұрғанына аптадан асқан. Өзбекстаннан жеміс-жидек артып келген жүргізушілер мен кәсіпкерлер тауарымыз бүлініп, ағып, шығынға баттық дейді. Айтуларынша, кеден бекеті ол жерден шығуға тыйым салғанымен, не үшін ұстап тұрғанын түсіндірмеген.
Түркістан облысы Келес ауданындағы «Бауыржан Қонысбаев» кеден бекетінде оннан аса жүк көлігі тоқтап тұр. Жүргізушілердің айтуынша, олар Өзбекстаннан жеміс-жидек артып, Қазақстан аймағына өткен. Алайда кеден бекеті оларды тоқтатып, ішке жүруге тыйым салған.
Жүргізуші: «Менің осы жерге кіріп келгеніме 5 күн болды. Менің таситыным скарапорт. Бізді себепсізден ұстап отыр. Документ бойынша бәрі дұрыс. Жасыл болып тұр. Не себептен шығармай жатыр кедендік пост? Барып, кедендік постқа түсіндіріп айтсақ, бұлар Астана жібермей жатыр дейді. Астанадағы қай мекеме жібермей жатыр бізді? Қайдан білеміз оны?».
«Мынаны қараңдаршы? Мынау не деген сұмдық? Мынаны қарашы, мынаны, ағып жатыр. Ағып жатыр. Кім жауап береді бұған? Міне, міне, қара, адам жейді ғой мұны, адам. Тұра беріп, тұра беріп ағып жатыр».
Жүргізушілердің кейбірінің кеден бекетінде тұрғанына аптадан асқан. Олар аптап ыстық, шіліңгір шілдеде артқан тауарымыз жарамсыз болып қала ма деп алаңдайды. Ал кәсіпкерлер шығынға баттық дейді.
Азамат Бауыржан, «GLOBAL FRUITS KZ» ЖШС-ның өкілі: «10 күннен бері осылай біздің фураларды ұстап отыр. 10 күндіктен тұрған 3-4 фурамыз бұзылғаны бар еді өздері біз айқай шығарған соң жіберді. Бір аптадан бері тұрғандары әлі де тұр. Ішіндегі тауарлар бұзылып жатыр. Тек қана бұзылатын тауарлар. Халық жейтін, өзіміз жейтін тауарлар. Өрік, жүзім, шабдалы, қияр, қызанақ, тек қана сондай жүктер бар ішінде. Күн темірге тигеннен кейін өзіңіз білесіз темір ыстық тартады. Ішіндегі жүктер қызып, су ағып, жеуге жарамсыз болып жатыр. Малға берсеңіз мал жемейді ол жүкті. Біз пәленбай мың шығынға кетіп жатырмыз».
«Бауыржан Қонысбаев» кеден бекеті басшысының орынбасары Дархан Байдуллаев жүк көліктерінің тұрғанына аптадан асты дегенді жоққа шығарады. Оның айтуынша, бекетте 8 жүк көлігі тұр. Бұл көліктер бекетке кеше кірген.
Дархан Байдуллаев, «Бауыржан Қонысбаев» кеден бекеті басшысының орынбасары: «Қазіргі таңда кедендік бақылау кезең-кезеңмен жүріп жатыр. 8 жүк көлігінің біреуіне жеке тексеру тағайындалды. Яғни, инспекциялық тексеру кешенінен өтетін кезде құжатында көрсетілген тез бұзылатын тауарлардың «сәйкестік емес» деген күдік тудырып, ахуалдық басқару басқармасымен күдік мөрі басылып, казір кедендік жіті тексеру жүргізуге жіберілді».
Дархан Байдуллаев Кеден кодекстінің заңнамаларына сәйкес кедендік бекет аумағына кіргізілетін кез-келген автокөлік құжаттары дұрыс болған жағдайда 3-4 сағатта еш кедергісіз кедендік тазартудан өткізіледі дейді. Егер құжаттары дұрыс болмаса уақытша кеден бекеті аумағына кіргізіліп, құжаттар реттелгеннен соң шығарылады.
Дилара Иса