Мәжіліс депутаты шымкенттік қариялармен кездесті

фото ШӨКҚ

«Қартын сыйлаған ел қадірлі» дейді дана халқымыз. Осыған орай, Парламенті Мәжілісінің депутаты Данабек Исабек Шымкент қаласындағы «Ізетті зейнеткер» орталығының жұмысымен танысты.

Мақсат — қарттардың жайлы өмір сүруіне жағдай жасау. Сонымен қатар, қықа мерзімді емделу және демалу мүмкіндігі қарастырылған орталықтың тыныс-тіршілігінен хабардар болу. Депутат қазыналы қарттармен қала тұрғындарына қандай уәде берді?

Жүніс Таласов «Ізетті зейнеткер» атты орталыққа алғаш рет келіп отыр. Ол 20 жылдай спорт саласында қызмет етіп зейнеткерлікке шыққан. Қария соңғы он жылда көркем гимнастика саласында еңбек етіпті. Осыдан екі жыл бұрын кезекке тұрған ақсақал түрлі ем-дом алып, демалып қайтуға ниетті.

Жүніс Таласов, Зейнеткер: «Рахмет. Бізге бәрі ұнап жатыр. Бізді жақсы құрметтеп жатыр. Асханасы да жақсы. Бізге жақсы қызмет көрсетіп жатыр. Спорт залдарында теннис ойнаймыз. Мен бірініш рет келдім. Рахмет әкімшілікке. Бізді жақсы күтіп жатыр».

Депутат Данабек Исабек мекеменің жұмысымен жан-жақты танысып, ғимаратты түгелдей аралап шықты. Қариялармен кездесіп, хал-жағдай сұрасты. Кезекті ұзақ күтетін зейнеткерлерге жағдай жасауға барын салатынын жеткізді. Айтуынша, жергілікті бюджет қаражаты жеткілікті болса, бірнеше шипажай салуды қарастырмақ. Сондай-ақ, кәсіпкерлерді тарту бойынша, кейбір спорттық құрылғыларды алып бермек ниетте.

Данабек Исабек,  ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: «Жыл сайын жолдама берсеңіздер деп жатыр. Өздеріңіз білесіздер, 95 мың қарияларымыз бар. Жылына бұл жердің мүмкіндігі 3500 адамды қабылдай алады. Енді қосымша бюджетке тіреледі. Ал бұл жерге 300 млн. қаражат бөлінеді екен. Алдағы уақытта қарастырып, мен де ұсыныс беремін. Егер бюджет болып жатса, әрине бір емес, 3-4 жерден ашқан жөн болар деп санаймын. Бұл кісілер жыл сайын келуі керек. Қажеттті емін алуы керек».

Зейнет жасындағы азаматтарға қысқа мерзімде демалу және ем алу мүмкіндігін ұсынатын арнайы орталық, алғашында 70 орынға есептелген. Бертін келе, бұл мекеме бір мезетте 120 зейнеткерді қабылдай алатын болып өзгерді дейді басқарма басшысы.

Жанат Утебаева, Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы: «Өздеріңіз көріп отырғандай, орталық заманауи. Жаңа аппараттармен қызмет көрсетуде. Бізде 1 гектар жер бар. Шымкент қаласы әкімінің қолдауымен көгалдандыру жұмыстары жүріп жатыр. Бір аптаның көлемінде бітеді. Әрбір қызметімізді жоспарлап жатырмыз. Өзіңіз айтпақшы, бассейн салсақ па деп жатырмыз. Ол да мердігердің тарапынан істелінеді. Бюджеттен бір тиында төленбейді».

Орталықта зейнеткерлерге толық жағдай жасалған. Төрт мезгіл ыстық тамақ, медициналық тексеру және ем-дом шаралары, жеке тазалық пен тұрмыстық қажеттіліктермен толық қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, қариялар үшін арнайы кітапхана мен салауатты өмір салтын ұстану үшін фитнес құралдары мен дене шынықтыру бөлмелері де бар.

Айта кетейік, Шымкент қаласы бойынша 95 мың зейнеткер бар. Олардың 28 мыңнан астамы шипажайға баруға ниетті. Бірақ, осыдан екі жыл бұрын кезекке тұрған қазыналы қарттар ғана жолдама берілуде.

Нұргүл Жолымбетова