Қала көшелері заманауи стандарттарға сай жаңартылуда

Шымкент қаласының өркендеуіне жол-көлік инфрақұрылымының маңызы зор. Кең әрі сапалы жолдар қаланың экономикалық дамуына, тұрғындардың жайлы өмір сүруіне және олардың қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін басты факторлардың бірі. Қазіргі таңда, мегаполисте жол саласын дамыту бағытында ауқымды әрі жүйелі жұмыстар қарқынды түрде жүргізілуде. 

Абай ауданына қарасты, Самал-3 шағын ауданындағы Юсупов көшесі қаладағы негізгі күре жолдардың бірі. Бұрын аталмыш көшеде тек 2 жолақ болса, бүгінде 4 жолақты кең жолға айналды. Ені 7 метрден 14 метрге дейін ұлғайды.

Нұрбол Қожабеков,  Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бас маманы: «Жолдың жалпы ұзындығы – 9 шақырым 600 метр. Құрылыс жұмыстарын осы тамыз айының соңына дейін аяқтау көзделіп отыр. Қазір қала бойынша 12 нысанда жол салу және қайта жаңғырту жүріп жатыр. Оның сегізі биыл пайдалануға беріледі».

Қазіргі таңда, құрылыс алаңында 20-дан астам техника үздіксіз жұмыс істеуде. Асфальт жабынының қалыңдығы – 27 сантиметр. Ұлттық сапа орталығының мамандары жаңа төселген асфальттан сынама алып, оның құрамын және температурасын тексерді.

Ермек Намазов, «Ұлттық сапа орталығы» РМК ШҚФ директорының міндетін уақытша атқарушы: «Биылғы алты айда 280 мәрте жолға шығып, 540 сынама алдық. Нәтижесінде 47 кемшілік анықталды. Бұл олқылықтарды жол басқармасымен бірлесе отырып түзетіп келеміз. Қазір асфальт температурасы – 160 градустан жоғары, бұл талапқа толық сәйкес келеді».

Айта кетейік, жыл басынан бері, Шымкент қаласында ұзындығы 161 шақырымнан асатын 252 көшеде орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұған қоса, жалпы ұзындығы 40 шақырымнан асатын 15 жол нысанын қайта жаңғырту және құрылысын жүргізу жоспарланып отыр.

Нұргүл Жолымбетова