Шымкент қаласында өтіп жатқан оқу-әдістемелік жиын барысында аумақтық қорғанысқа жауапты бөлімшелер бірлескен тактикалық іс-қимылдарын пысықтады. Іс-шара Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабы бастығының орынбасары – Аумақтық қорғаныс департаментінің бастығы генерал-майор Асқар Жоламановтың жетекшілігімен өтуде.
Жиынға облыстар мен Шымкент қаласы әкімдерінің әскери қауіпсіздік және қорғаныс мәселелері жөніндегі көмекшілері, жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармаларының басшылары, өңірлік қолбасшылықтардың аумақтық әскерлері бөлімдерінің бастықтары мен аумақтық қорғаныс бригадаларының командирлері қатысуда.
Жиын аясында Шымкент қаласының резервтегі аумақтық қорғаныс бригадасы мен басқа да жергілікті құрылымдық күштердің қатысуымен ерекше тактикалық эпизод өткізілді. Сценарийге сәйкес, аса маңызды стратегиялық нысанға төнген қауіп жағдайында оны күзету және шабуылды тойтару іс-қимылдары пысықталды.
Қорғалатын нысан ретінде «3-Энергоорталық» акционерлік қоғамы таңдалды. Оның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қалалық аумақтық қорғаныс бригадасының әскери қызметшілері, ҚР ІІМ мамандандырылған күзет қызметі басқармасының бөлімшелері, полиция департаментінің арнайы мақсаттағы «Арлан» жасағы, сондай-ақ төтенше жағдайлар және денсаулық сақтау департаменттерінің қызметкерлері жұмылдырылды.
Оқу-жаттығу барысында төтенше сипаттағы дағдарыстық жағдайларға ден қою және төтенше жағдай режимінде әрекет ету механизмдері пысықталды. Сонымен қатар, мүдделі мемлекеттік органдар арасындағы байланыс, хабарлау және ақпараттық өзара іс-қимыл жүйелері тексерілді.
Жағдайды барынша жауынгерлік форматқа жақындату арқылы күштік құрылымдар диверсиялық-террорлық актілердің алдын алу, олардың салдарын азайту және жою бойынша жаттығулар өткізді. Арнайы мақсаттағы бөлімшелер жарылғыш заттарды анықтау және залалсыздандыру, шартты диверсанттарды табу және бейтараптандыру, зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсету дағдыларын шыңдады.
Оқу-жаттығудың басты мақсаты — стратегиялық маңызы бар нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жедел әрекет ету алгоритмдерін жетілдіру, сондай-ақ азаматтық және әскери құрылымдар арасындағы үйлесімді іс-қимылды нығайту.