Шымкентте Ата заңымыздың 30 жылдығына арналған заңгерлік форум өтті

фото ШӨКҚ

М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінде Қазақстан Республикасының Конституциясының 30 жылдығына арналған бірлескен заңгерлік форум өтті. Қазақстан Республикасы Конституциялық Соты судьялары мен ҚР Бас прокуратурасы, заңгерлік қауымдастықтың басқа да өкілдерінің қатысуымен өткен “Ата заң – тәуелсіздік тірегі” атты жиын заңгерлік қауымдастықпен кең ауқымды пікір алмасу алаңына айналды.

Жиынға Шымкентте іссапармен жүрген ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова да қатысты. Олар форум жұмысына белсенді қатысып, пікірлерін білдірді.

Жиынды университет ректоры Ахмед-Зәки Дархан Жұмақанұлы ашып, Конституцияның қоғамдағы рөлі мен құқықтық сана қалыптастырудағы маңыздылығын атап өтті.
Басқосуда ҚР Парламенті Сенатының Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы ретінде Нұрлан Құдиярұлы сөз сөйлеп, Конституцияның ел дамуындағы маңызын, құқықтық жүйенің іргетасы ретіндегі рөлін атап өтті. Ол өз баяндамасында Конституция үстемдігі мен құқықтық мемлекеттің даму бағыты жайлы кеңінен тарқатып, нақты мысалдар келтірді.
«Біз Қазақстан Республикасының Конституциясының 30 жылдығын атап өтудеміз. Бұл – тарихи маңызы зор дата ғана емес, сонымен қатар ел дамуының жаңа кезеңдерін саралап, құқықтық мемлекеттің қалыптасуындағы жетістіктерімізді бағалайтын маңызды сәт. Конституция – әрбір азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғаушы негізгі құжат. Оның үстемдігін қамтамасыз ету – заң шығарушы, атқарушы және сот билігінің ортақ жауапкершілігі. Осы орайда, Парламент депутаттары ретінде біз құқықтық реформаларды сапалы іске асыруға және заң алдындағы жауапкершілікті күшейтуге күш жұмсап келеміз», – деді Нұрлан Құдиярұлы.
Кездесу пікір алмасу, жалпы талқылау мен сұрақ-жауап форматында жалғасып, қатысушылар көкейдегі өзекті мәселелерін ортаға салды.