Шымкентте аса қауіпті жұқпалы ауруларға қатысты эпидемиологиялық жағдай талқыланды. Мамандардың мәліметінше, соңғы уақытта қалада кене шағу деректері артқан. Осыған байланысты алдын алу шаралары күшейтіліп, тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Шымкентте кене шаққан адамдар саны көбейген. Қазірдің өзінде 530 азамат дәрігерге барған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен 30 пайызға көп. Дәрігерлер кене шаққан жағдайда тез арада емханаға бару керектігін ескертеді.
Айгүл Тұрымбетова, Шымкент қаласы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары: «Кене шағып зардап шеккен адамдар болса, міндетті түрде медкөмекке дер кезінде жүгіну қажет. Себебі қорқыныш тудыратын, аса қауіпті, жоғары жұғымды жұқпалы ауру — Конго Қырым қызбасы болғандықтан, алдын алу шараларының сол медкөмек. Шаққан кенені өлтіріп тастамай, лақтырып тастамай, міндетті түрде беті жабық ыдысқа салып әкеліп, өзінің тұрғылықты мекенжайы бойынша кенені тапсырып, өзі мед бақылауда болуы керек»
Бүгінде кене қауіпінің алдын алу мақсатында қаладағы 11 елді мекенде залалсыздандыру жұмыстары жүргізілген. Тамыз айында дезинсекция қайта жалғаспақ. Осыған орай, мамандар тұрғындарды аулаларындағы қоқысты тазалап, санитарлық жағдайды жақсартуға шақырады.
Айгүл Тұрымбетова, Шымкент қаласы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары: «Алтын-төбе, Қайнарбұлақ, Игілік, Сауле м/а, Текесу м/а, Тассай т.а., Бадам-1 е/м, Қазығұрт м/а, Ақтас-1 е/м, Ақжар м/а, Айкөл е/м арнайы есепке алынып отыр. Және де осы аймақтарда мемлекет тарарынан бөлінген қаражат есебінен кенеге қарсы залалсыздандыру жұмысының 1ші кезеңі өтті. Тексеріс нәтижесінде сол кезеңнің сапалы жүргізілгені мәлім болды»
Айта кетсек, әзірге Шымкентте оба, тырысқақ, құтыру мен сібір жарасы секілді қауіпті аурулар тіркелмеген. Дегенмен, Конго-Қырым қызбасынан 2 жағдай және бруцеллезден 7 жағдай анықталып отыр.
Лаура Бабас