Түркістан облысының тұрғыны жаңа көлігінен ақау шыққан соң көлікті автосалонға қайтарып, ақшасын қайтарып алған. Ол бұл үшін Шымкент қаласы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне арызбен жүгінуге мәжбүр болған.
Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, мамыр айында Түркістан облысының тұрғыны Шымкент қаласындағы автосалоннан Қытайдан шыққан су жаңа көлік сатып алған. Бірақ көп өтпей көліктің трансмиссиясымен басқару электроникасы жүйесінде ақауды байқаған. Көлікті бірнеше рет жөндеуге алып барғанымен, мәселе шешілмеген.
«Автосалонға ресми шағым жіберіп, көлікті жаңасына ауыстыруды немесе ақшаны қайтаруды талап еткен тұтынушы нақты жауап ала алмаған. Содан кейін Шымкент қаласы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің көмегіне жүгінген», Сауда және интеграция министрлігі
Департамент қызметкерлері «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңы аясында тиісті шара көрген. Жағдайды жан-жақты зерделеген. Нәтижесінде тұтынушының талабы қанағаттандырылып, оның құқығы қорғалған.
«Бұл жағдай көлік сатып алған тұтынушының табандылығы мен тиісті мемлекеттік органның араласуының нәтижесінде әділ шешімін тапты»
Сауда және интеграция министрлігі
Мамандар тұтынушыларға өз құқығын уақытылы дұрыс қолдануға шақырады. Қандай да бір тауар немесе қызмет сапасына күмән туындаған жағдайда, заңмен белгіленген тәртіппен Шымкент қаласы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне заңмен белгіленген тәртіппен жүгінуге болатынын ескертеді.
Дилара Иса