Түркістан облысында 6 мыңнан аса кәсіпорын бар. Оның 225-і жоғарғы тәуекелді кәсіпорын қатарына кірген. Дені жұмысшылардың міндетті әлеуметтік төлемдерін төлемеген. Жұмысшылардан еңбек жағдайларына қанағаттанбау және жалақы қарызы туралы шағымдар да түскен.
Мысалы, облыста бір мекеме 44 жұмысшысына 101 миллион теңге көлемінде еңбекақы қарызы бар. Бұл туралы Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысы Амангелді Әліш Түркістан өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингке айтты.
Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысы Амангелді Әліштің мәліметінше, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Түркістан облысындағы 6112 кәсіпорнын бақылауға алған. Нәтижесінде 225 кәсіпорын – жоғарғы, 366 кәсіпорын – орташа тәуекелді кәсіпорындар санатына кірген. Ал қалған 5521 кәсіпорында тәуекел анықталмаған.
Амангелді Әліш, Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Түркістан облысы бойынша департамент басшысы: «Тәуекелі жоғары 225 мекемеге толық талдау жұмыстары жүргізіліп отыр. Әлеуметтік төлемдерді төлемегендер қатарына енгізіліп отыр. Атап өтсек, 20 кәсіпорында міндетті зейнетақы қолданымдары, әлуметтік аударымдар, міндетті медициналық аударымдар уақытылы төлемегендіктен еніп отыр. Соның ішінде әлеуметтік төлемдерді тұрақты аудармайтын кәсіпорындар анықталып, олармен заң талаптарына сәйкес жұмыс жүргізілуде. Сонымен бірге бұл мекемелерде туындауы мүмкін жаңа қарыздар мен еңбек дауларының алдын алу мақсатында аудан, қала әкімдерімен тығыз байланыс орнатылған».
Сонымен бірге тәуекелді кәсіпорындар тізіміне енген мекемелерден департаментке еңбек жағдайларына қанағаттанбау және жалақы қарызы туралы шағымдар түскен. Ал соңғы жарты жылда еңбек дауы тіркелмеген.
Амангелді Әліш, Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Түркістан облысы бойынша департамент басшысы: «Жалпы жалақы қарызы бойынша есептік кезеңде 6 кәсіпорынның 5 мыңға жуық жұмысшысына жалақысын уақытылы өтемеген. Жалпы жалақы мөлшері – 454 миллион теңге. Қазір бұл қарыз өндірілген. Қазіргі таңда тағы бір мекеменің 44 жұмысшысы 101 миллион теңге еңбекақысын ала алмай жүр. Жұмыс берушіге әкімшілік шара қолданылған. Сот орындаушылары мекеменің банк шоттарын бұғаттап, жұмысшылар алдындағы қарызын өтеу амалын жасап жатыр».
Амангелді Әліш Еңбек кодексін бұзған мекемеге де, жұмысшыға да заң шеңберінде шара қолданылатынын ескертеді.
Дилара Иса