Түркістанда 5 адам суға кетті

Биыл Түркістан облысында шомылу маусымы басталғалы 5 адам суға кеткен, олардың екеуі – бала. Құтқарушылардың айтуынша, су қауіпсіздігін сақтамайтындар көп. Оларға заң талабына сай айыппұл салынып жатыр. Қазірдің өзінде салынған айыппұл көлемі өткен жылмен салыстырғанда екі есеге артық.

Түркістан облысында шомылу маусымы басталғалы 5 адам суға кеткен, олардың екеуі – бала. Бұл туралы Түркістан өңірлік коммуникация қызметінде өткен баспасөз жиынында облыстық төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Оразгелді Дүйсен мәлім етті

Оразгелді Дүйсен, Түркістан облыстық төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы: «Облыста қазіргі таңда 5 жағдай тіркеліп отыр. Олардың екеуі жасөспірім балалар. Жыл басынан облыс аумағында түрлі жағдайларда 39 адам суға кетіп отыр. Олардың 16-сы балалар. Суға кету жағдайлары әртүрлі. Мысалы, шекаралас канал арқылы көршілес Өзбекстан азаматының мәйіті ағып келді, көлік құралын игере алмай каналға түсіп, 5 адам суға батты, ата-аналардың қарауынсыз қалған балалар септиктерден табылды».

Оразгелді Дүйсеннің айтуынша, құтқарушылар мен полицейлер жыл басынан бері 1841 рет рейд жүргізген. Нәтижесінде судағы қауіпсіздік талаптарын бұзған 129 адам анықталып, 1 миллион 2 жүз мың теңгеден аса айыппұл салынған. Мамандар тұрғындарға белгіленген аймақтарда суға түсуге кеңес береді.

Оразгелді Дүйсен, Түркістан облыстық төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы: «Бізде енді қазіргі таңда айыппұл саны былтырғы жылмен салыстырғанда екі есеге артып отыр. Яғни, бұл айыппұл белгіленбеген жерге суға түсу, яғни айыппұл салынады. Облыс мәслихатымен 111 шомылу орны белгіленген. Онда құтқарушылар, еріктілер мен полицейлер күндіз-түні жұмыс істейді».

Айта кетейік, облыста шомылу маусымы маусым айында басталып қыркүйек айына дейін жалғасады. Өткен жылы шомылу маусымының алғашқы айында 7 адам суға кетіп, қайтыс болған. Олардың ішінде үшеуі бала еді.

Дилара Иса