Түркістан облысында жыл басынан бері ауыл шаруашылығы мақсатында 60 мың гектардан аса жер мемлекет меншігіне қайтарылған. Жыл соңына дейін тағы 50 мың гектарға жуық жерді қайтару жоспарланып отыр. Жерді бірі өз еркімен берсе, екіншісі сот арқылы алынған.
Соңғы 3 жылда Түркістан облысында 1 миллион гектарға жуық жер мемлекет меншігіне қайтарылған. Айталық, 2022 жылы — 520 мың гектардан, 2023 жылы 330 мың гектардан, ал 2024 жылы 70 мың гектардан астам ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер қайтарылған. Биыл жыл соңына дейін қосымша 110 мың гектар жер учаскесін мемлекетке қайтару жоспарланған. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен жиында мәлім болды.
Ерғали Тілеген, Түркістан облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы: «Жер қайтару мәселесі, оның ішінде ортақ жайылымдық жер мәселесі бізде екі бағытта жұмыс жүргізіледі. Бірінші республикалық бағытта берілген тапсырмасы 110 мың гектар. Келесі жұмысшы топпен анықталған жер. Ол аудан, қала әкімдіктері тарапынан қайтару керек жер көлемі 224 мың гектар жер. Мынау жер инспекциясы дейміз, департамент арқылы қайтарылатын жер көлемі 148 540 гектар жер».
Басқарма басшысы аталған жерді мемлекетке қайтару ісі басталып кеткенін жеткізді. Мысалы, 110 мың гектар жердің 60 мыңнан астамы мемлекетке қайтарылған. Оның ішінде өз еркімен берілгені 24 мың гектар жер бар. Қалғаны сот тәртібімен, мемлекет мұқтаждығы үшін және келісімшартты бұзу арқылы алынған. Дегенмен Төлеби және Шардара ауданында жерді мемлекет есебіне қайтару ісін жандандырған абзал.
Нұралхан Көшеров, Түркістан облысының әкімі: «Облыс аумағында ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылмай отырған жер түгендеп қайтару жұмыстарын жандандыруды тапсырамын. Ортақ жайылым мемлекетке қайтару үшін жүйелі түрде мониторинг жұмыстарын жүргізіп, апта сайын мәлімет ұсынуды тапсырамын. Нақты картасын жасаңыздар».
Ресми мәліметке қарағанда, облыстың жалпы жер қоры – 11 млн. 610,3 мың гектар. Қазіргі таңда пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер әлі де бар. Оған қоса заңды бұза отырып пайдаланып жатқан жер де мемлекет меншігіне қайтарылады.
Дилара Иса