Шымкентте №88 мектептің бас есепшісі мемлекеттің 451 миллион теңгесін заңсыз иемденіп алғаны үшін сотты болды. Сот оны 8 жылға түрмеге жапты. Айыпталушы кінәсін мойындаған және шын өкінетінін айтқан.
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты №88 мектептің бас есепшісі М.Б-ны 8 жылға бас бостандығынан айырды. Оған мемлекеттің 451 миллион теңгесін жымқырды деген айып тағылған.
Сот М.Б-ны Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2- тармағымен, 218-бабы 3-бөлігінің 1, 3-тармақтарымен кінәлі деп танып, түпкілікті 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады»
Шымкент қалалық сотының баспасөз қызметі
Сотталушы мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адам бола тұра, мемлекеттің сеніп тапсырылған аса ірі мөлшердегі мүлкін жымқырып, қылмыстық жолмен алынған ірі мөлшердегі ақшаны заңдастырған. Бірнеше автокөлік мен пәтер, жер телімін және бағалы қағаздарды сатып алған. Ол сотта кінәсін мойындаған және шын өкінген.
«Сот сотталушының қылмыстық жауапкершілікті жеңілдететін мән-жайлар ретінде оның істеген іс-әрекетіне шынайы өкініш білдіргенін, асырауында жасөспірім балаларының болуын таныды, ал қылмыстық жауапкершілікті ауырлататын мән-жайлар анықталмады»
Шымкент қалалық сотының баспасөз қызметі
Айта кетейік, сот үкімі заңды күшіне енбеген.
Дилара Иса