48 млн. теңге мемлекет қаражатын қалтаға басқан мамандар сотталды

1
фото Отырар.кз

Шымкентте 48 млн. теңге мемлекет қаражатын жымқырған бас есепші мен мектеп директорының орынбасарына қатысты сот үкімі шықты. Олар бірнеше жыл қатарынан білім ошағында жұмыс істемейтін тұлғаларды табельге тіркеп келген. Сол арқылы қызмет етпеген адамның айлығын өзара бөлісіп отырған.

Шымкентте 48 млн. теңге мемлекет қаражатын қалтаға басты деген білім саласының мамандарына қатысты үкім шықты. Сот шешімімен бұл іске №44 білім ордасының бұрынғы басшысы мен оның орынбасары және бухгалтер кінәлі деп танылды. Күдіктілер білім ұясында жұмыс істемейтін адамдарды табельге тіркеу арқылы олардың айлығын өзара бөліп алып отырған. Бұл әрекет 3 жылға жуық уақытқа жалғасқан. Сезіктілерге тағылған айып толығымен дәлелденіп, жаза тағайындалды.

«Есепшіге 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Директордың орынбасары да кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айрылды. Ал директорға оларды қадағаламағаны үшін айыппұл салынды. Оған 5,5 млн. теңге көлемінде айыппұл салынды. Жаза нақты күшіне енген жоқ», – дейді Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Сәбит Төреханов.

Үкім көрнекі сот негізінде өтті. Процеске 700-ге жуық білім саласының мамандары қатысты. Оның 650-і істі онлайн түрде бақылады. Мамандар бұл жемқорлықтың алдын алуға көмектесетінін айтады.

«Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты педагогтердің еңбегіне ақы төлеу қорына бөлінген 48 млн. теңге сомасында бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша үкім шығарды. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында сот процесі 700-ден астам қалалық мектеп директорлары мен бухгалтерлерінің қатысуымен өтті», – дейді ҚР СЖҚІҚА Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасарының м.а. Алексей Колосков.

Сонымен қатар есепші өмір бойы мемлекеттік мекемеде жұмыс істеу құқығынан айырылды. Ал қылмыстық іс Антикордың білім саласына жүргізген ішкі талдау кезінде анықталған.