«Abyroy» оңалту орталығы науқастарды емдейді ме, әлде күйзеліске түсіреді ме?

фото egemen.kz

«Komek Koldau» деп аталған бұрынғы орталық, қазір «Abyroy» деген атаумен жұмыс істеп тұр. Алайда, аталмыш мекеменің басынан дау арылмай отыр. Орталықтың бұрынғы науқастары олардың еркінен тыс дәрі-дәрмек қолданып, күштеп ұстағанын айтады. Олардың сөздеріне қарағанда, орталықта медициналық білімі жоқ қызметкерлер жұмыс істейді. Ал орталық басшылығы, негізгі мақсаттың психологиялық көмек көрсету мен ой-сананы түзету екенін алға тартады.

28 жастағы Жандос Тұрабек үшін бұл орталықтағы естеліктері зорлық-зомбылыққа толы. Оның айтуынша, ешқашан денсаулығында кінәрат болмаған. Сонымен қатар, психикалық және нашақорлық бойынша есепте тұрмайды. Бірақ, әпкесі оны еркінен тыс психиатриялық орталыққа орналастырған көрінеді. Ол өзін полиция қызметкерлері ретінде таныстырған адамдардың күштеп алып кеткенін айтады. Жас жігіт орталықта ем жүргізгендер кәсіби дәрігерлер емес деп отыр. Бұрын нашақорлық пен ойынқұмарлыққа салынған адамдар екенін алға тартады.

Жандос Тұрабек, зардап шегуші: «Алғашқы 2-3 күнде маған қандай да бір таблеткаларды берді. Біртүрлі, тыныштандыратын дәрі сияқты, күніне 5-6 таблеткадан. Бірнеше күн бойы қарсылық көрсетіп көрдім. Бесінші күні мен қорқынышты көрініс көрдім. Жас жігітке таблеткалар беріп жатты. Ол қарсылық көрсеткенде, шамамен 8 қызметкер оны ұрып-соғыпты. Мен полиция департаментіне және медициналық бақылау комитетіне хабарластым. Бірақ клиникада «қорғаныш» бар сияқты, сондықтан ешқандай шара қолданылмады».

Бұл жалғыз оқиға емес. Орталыққа қатысты шағымдар бірнеше науқастан түскен. Мәселен, Фаузия Ахметова да орталыққа күшпен келгенін айтады. Сондай-ақ, физикалық зорлық-зомбылық көргенін жеткізді.

Фаузия Ахметова, зардап шегуші: «Мен, жалғыз басты ана, Шымкенттегі «Komek Center»-де мәжбүрлі түрде ұсталып, зорлық-зомбылық көрген жәбірленуші болдым. 25 сәуір күні үш белгісіз адам менің үйіме баса көктеп кіріп, балаларымның көз алдында мені күштеп алып кетті. Олар мені заңсыз ұстап, ұрып-соғып, құжаттарға қол қойдыруға мәжбүрледі. Мен бас тартқанда, маған дәрі енгізіп, мен есімді жоғалтып жаттым. Мен орталықта заңсыз ұсталатын жасөспірімдерді де өз көзіммен көрдім. Полицияға шағым түсіргеніме қарамастан, тергеу басталған жоқ, ал орталық әлі де жұмыс істеп жатыр».

Ал «Abyroy» орталығының басшысы, оңалту жұмыстары барысында дәрі-дәрмек қолданылмайды дп отыр. Оның айтуынша, орталықтағы науқастарға психологиялық көмек көрсетіліп, ой-санасын түзетуге бағытталған жұмыстар жүргізіледі. Ол үшін, дәрігерлер мен медициналық білімді мамандар болуы міндетті емес.

Аманжан Абдукаримов, «ABYROY» оңалту орталығының жетекшісі: «Біздің оңалту орталығында біз науқастарға дәрі-дәрмек бермейміз. Біз тек психологиялық көмек көрсетеміз. Біз психологтармыз. Біз олардың жан дүниесін емдеп, ой-санасын өзгертеміз. Мұндай жұмыс үшін лицензия қажет емес. Егер медициналық көмек қажет болса, біз серіктес клиникаларды шақырып, олар кәсіби медициналық көмек көрсетеді».

Ал, полиция департаменті бір ғана адамнан арыз қабылдағанын айтады. Яғни, Фаузия Ахметованың арызы тіркеліп, қазір тергеу амалдары жүріп жатыр.

«Биыл мамыр айында азаматшаның арызы бойынша полиция департаменті қылмыстық іс қозғады. Фармацевтикалық тексеру барысында бақылаумен бірге орталықтың лицензиясыз жұмыс істейтіні анықталды. Қазіргі уақытта тергеу әрекеттері аяқталып, жиналған құжаттар тиісті органдарға жіберілді. Тергеу нәтижесінде қатысушылардың әрекетіне құқықтық баға беріліп, процессуалдық шешім қабылданады. Қазіргі уақытта жәбірленуші сараптамадан өтуі тиіс, ол үшін объективті тергеу жүргізу үшін қажет».

Шымкент қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі

Айта кетейік, біреулер бұл орталықты зорлық-зомбылық орны деп атаса, енді бірі, психологиялық қолдау көрсететін мекеме деп санайды. Ал, өмірлері шым-шытырыққа толы кейіпкерлердің жағдайы мен жанайқайына тиісті органдар құлақ асар деп үміттенеміз.

Нұргүл Жолымбетова