Бүгінде Шымкент қаласында қоғамдық тұрақтылық пен бірлікті сақтау басты міндеттердің бірі. Әртүрлі ұлт өкілдері мен әлеуметтік топтар арасында өзара түсіністікті арттыру маңызды міндеттердің біріне айналды. Бұл жолда Ішкі істер министрлігі, қалалық полиция және Әділет департаменті бірлесе жұмыс жүргізіп келеді.
Толеранттылықтың басты тірегі – әділдік пен ашықтық. Осы бағытта іске асып жатқан бастамалардың бірі – ІІМ-нің «Адалдық алаңы» жобасы. Бұл жобаның мақсаты – халық пен құқық қорғау органдары арасында сенімді әрі берік көпір орнату. Қазір қалада азаматтарды қабылдайтын арнайы бөлімшелер жұмыс істеп тұр, ал кез келген адам «1402» қысқа нөміріне хабарласып, шағымын немесе ұсынысын білдіре алады.
Сыбайлас жемқорлықпен күрес те басты назарда. Шымкент қалалық полициясы мен Сыбайәлас жемқорлыққа қарсы қызмет бірлесіп, жемқорлықтың алдын алуға бағытталған нақты жұмыстарды атқарып жүр. Мысалы, патрульдік қызметкерлердің әрекетін бейнежетондар арқылы бақылау күшейтілді. Бұл – артық, орынсыз әрекетке жол бермей, тәртіпті қадағалаудың бір жолы.
Өткен жылы қалада «Сергек-Қорғау» атты жаңа жоба іске қосылды. Бұл жүйе жол қозғалысындағы тәртіпті сақтау үшін қажет. Камералар арқылы заң бұзушылықтар бірден анықталып, кінәлілерге айыппұл салынады. Нәтижесінде, қаладағы жол қауіпсіздігі айтарлықтай жақсара бастады.
Қаланың қауіпсіздігі тек жолда ғана емес, жалпы қылмысқа қарсы күресте де басты назарда. Жақында Шымкент полициясы бірнеше ұйымдасқан қылмыстық топты құрықтады. Бұл топтар ауыр қылмыстарға қатысы бар деген күдікпен ұсталып, олардың қолынан қару-жарақ пен оқ-дәрілер тәркіленді. Тіпті бопсалау әрекеттері де әшкереленіп, заң аясында тиісті шаралар қолданылды.
Жалған полиция формасын киіп, адамдарды алдамақ болған алаяқтар да назардан тыс қалмады. Қоғамның сенімін теріс пайдаланып, өз пайдасын ойлаған үш азамат қамауға алынып, тергеу жүргізілді.
Қорытындылай келе, Шымкентте толеранттылық пен қауіпсіздікті қалыптастыру – жай сөз емес, нақты іске асырылып жатқан жүйелі жұмыс. Бұл – полиция, ІІМ және әділет органдарының бірлескен күш-жігерінің нәтижесі. Ең бастысы – халықтың сенімі мен тыныштығы.
Жанна Құрманбекова