“Әйел. Құқық. Қорғаныс”. Осындай атаумен шымкенттік әйелдерге арналған тегін өзін-өзі қорғау курсы басталды. Жобаның мақсаты — арулардың құқықтық сауаттылығын арттырып, қауіп-қатерден қорғану дағдыларын қалыптастыру. Бұл жобаның ерекшелігі, әйелдер өздерін қорғау мақсатында, спорттық тұрғыдан да жаттығады.
Шымкентте 1 аптаға созылатын “Әйел. Құқық. Қорғаныс” курсы басталды. Бұл қыз-келіншектердің тегін заңгерлік көмек, психологиялық сабақтар мен өзін-өзі қорғау әдістерін үйрететін алғашқы семинар. Яғни, арулардың құқықтық сауаттылығын арттырып, қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шара. Бірінші күннен ақ, 50-ге жуық нәзік жанды офлайн қатысуға ниет білдірген. Солардың бірі 27 жастағы Аружан. Айтуынша, кез-келген әйел зорлық-зомбылықтың құрбаны болуы мүмкін. Сондықтан, оның алдын алып, қорғану үшін өз құқығын білуі міндетті.
Аружан, Жоба қатысушысы: «Мен бүгін осы семинар тренингка келіп отырмын. Бұл жерде әйелдің құқығын қорғау бойынша спикерлер сөз сөйледі. Қазір белгілі, танымал Айжан Кесебай деген заңгер сөйледі. Әйелдердің құқығы бойынша. Қазіргі таңда психологиялық көмек бойынша, өз-өзін қорғау бойынша сабақтар түсіндіріліп жатыр. Осы іс-шараны мен интернет желісінен көріп, келіп отырмын. Жалпы маған сабақ барысы ұнады. Осындай іс шаралар көбейіп, әйелдердің құқығы қорғалғанын қалаймын».
Аталған шара Конституцияның 30 жылдығына «Заң мен тәртіп» жобасы аясында қолға алынған. Мақсаты –әлімжеттіктен зардап шеккендер арасында әлеуметтік қолдау мен құқықтық мәдениетті қалыптастыру. Сондай-ақ, жобаның басты ерекшелігі семинарда тек дәріс сабақтарын ғана үйреніп қоймайды. Өзін-өзі қорғау әдістерін де шыңдауға мүмкіндігі бар.
Ақбота Оспан, Жастармен жұмыс жүргізу және отбасы құндылықтарын насихаттайтын бөлім басшысы: «Бүгінгі күннің өзі 2 секциядан тұрды. Алдымен бірінші құқықтық, қаржылық сауаттылық. Қазіргі таңда бізде психологиялық тұрғыдан көмек көрсету, зорлыққа төтеп беру жөнінде сөз болып жатыр. Жалпы зорлық-зомбылықтың 3 түрі бар. Физиологиялық, дене жарақаты, экономикалық және психологиялық. Осы 3 бөлігін қамтысақ деген біздің мақсатымыз болды. Сондықтан осы 1 апталық курска ертеңнен бастап тәжірибелік нағыз 4 күнге жалғасатын курсымыздың 2 бөлігі болады. Онда арнайы қоян-қолтық күресі тактикалар арқылы өзін-өзі қорғауды үйрететін болады».
Маманның сөзіне сүйенсек, жоба алдағы уақытта да басқаша сипатта орындалатын болады. Мәселен, «Досыма қалай көмектесе аламын?» атты онлайн семинар өтеді. Бұл жоба арқылы айналаңыздағы жәбірленген жақыныңызға қалай көмектесе алатыныңызды біле алатын боласыз. Ескере кетер жайт, қорғану ұят емес- бұл әр біріңіздің құқығыңыз.