Әкім ашқан веложол жаяу жүргіншілер жолына айналды

Бүгіннен бастап Қажымұқан стадионынан Дендрологиялық саябаққа дейін созылған серуен аймағынан веложол алынып тасталды. Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы бұл қадам жолаушылар қауіпсіздігі үшін жасалды деп сендіреді. Ал велосипедшілерге жаңа жол салынып жатқанын айтады.

Осыдан бір жыл бұрын қала әкімі Ғабит Сыздықбековтың өзі әріптестерімен бірге барып ашқан серуен аймағынан бүгін веложол алынды. Қала әкімі балалар теміржолын демеушілердің есебінен серуен аймағына айналдырған болатын. Қазір жол жүру ережелері өзгертіліп, тек жаяу жүргіншілер жолы екенін білдіретін белгілер қойылып жатыр.

«Велосипед жүреді, адам жүреді, біріне-бірі кедергі етеді. Негізінде дұрыс, жаяу жүру керек қой адам. Жаяу жүргінші көп өте. Енді оған велосипед кедергі етсе, қиын ғой. Қауіпсіздік үшін әрине дұрыс. Кішкентай балалар бар мысалы. Қағып кетсе, жақсы емес қой. Дұрыс емес. Негізі солай великке арналған жол еді ғой баста. Енді алып тастаса білмеймін. Дұрыс емес.

— Неге дұрыс емес?

Бала-шаға великпен қалай жүреді енді? Қазір великпен балалар өтіп кетті».

Серуен аймағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионнан басталып, Дендрологиялық саябаққа дейін жетеді. Аймақтың ұзындығы бес жарым шақырым, ені 4 метр. 2 метр жаяу жүргіншілер жолы, 2 метрі веложолаққа шақталған. Десе де серуен аймағында велосипедшілер, самокат тізгіндегендер және жаяу жүргіншілердің легі көбейген.

Өмір Қалыбаев, Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқарма басшысының орынбасары: «Веложол мен аяқ жол жанама орналасқан. Халықтың қозғалу қарқыны өте жоғары. Велосипедшілер, жаяу жүргіншілер және самокат тізгіндеген жасөспірімдер, қала тұрғындары өте көп. Алайда қауіпсіздік шаралары бойынша, жаяу жүргіншілер мен велосипед айдаушылардың арасында жылдамдықтың артық болғандықтан жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігіне кері әсерін тигізіп отыр. Себебі үлкен жылдамдықпен самокаттар қозғалады. Одан бөлек велосипедшілердің қарқыны өте жоғары болғандықтан бірнеше оқиғалар орын алды жаяу жүргіншілерді қағып кету».

Қалыбаевтың айтуынша, серуен аймағында жаяу жүргіншілер көбейген. Олардың ішінде қарттар мен балалар көп. Жыл ішінде велосипедшілер мен самокатшылардың адам қағып кету деректері тіркеліп, кейбірінде жедел жәрдем қызметі шақырылған. Оған қоса серуен аумағын жағалай орналасқан тұрғындар велосипедшілер мен сомокатшылар түн тыныштығын бұзатынын айтып шағымданған. Әлеуметтік желі мен басқармаға түскен арыз-шағымның бас-аяғы елуге жеткен.

Өмір Қалыбаев, Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқарма басшысының орынбасары: «Сол жолды пайдаланушылардың ережелерді сақтамайтыны, екі жол жанама орналасқан, 2 метр жаяу жүргіншілер жолы болса, 2 метр веложол. Яғни халықтың тығыздығына байланысты көп жағдайда ережелер сақталмайды. Велопедистер тек өзінің жолымен ғана емес, жаяу жүргіншілер жолымен жүре береді. Жаяу жүргіншілер велосипедистердің жолымен жүре береді. Сол жерде шатасып, бір-бірімен соқтығысқан жағдайлар орын алып отыр. Ережелерді толық түсінгенге дейін мүмкін әлі де халық үйренуі керек шығар. Соған сәйкес қазір бірінші басымдық қауіпсіздік. Сол үшін осы шараға барып отырмыз».

Қалыбаев бұдан велосипедшілердің жолы қысқармайды дейді. Айтуынша, қалада жануарлар саябағынан басталып, жаңа ипподромға дейін алып баратын ұзындығы 4 шақырымнан асатын веложол салынып жатыр. Одан бөлек ұзындығы 13 шақырымнан асатын «Денсаулық жолы» атты веложолдың құрылысы басталып, бір бөлігі пайдалануға берілген.

Дилара Иса