Шымкент қаласы әкімдігі қалалық тұрғын үй басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбековтің ұсталғанын растады. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек айтты. Оның сөзінше, Жүнісбековтің ісі де бұдан бұрын ұсталған қаланың бас сәулетшісі Арман Әбдешовтің ісіне ұқсас болуы ықтимал. Шенеуніктердің ісі жөнінде қала әкімдігінің ресми өкілі не дейді?
Жақында әлеуметтік желіде Шымкент қалалық тұрғын үй басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбековті Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері Астанада ұстады деген ақпарат тарады. Бейресми мәліметке қарағанда, ол өкілетін теріс пайдаланды деген күдікке ілініп, қамауға алынған.
Сәрсен Құранбек, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Біздегі тұрғын үй басқармасының басшысына қатысты да әлеуметтік желіде біраз пікірлер айтылып жатқанын білесіздер. Айта кететін дүние, біздің білуімізде бұл азаматқа да қатысты іс сол Арман Әбдешовке қатысты қозғалған іске қатысты іске ұқсас болуы мүмкін. Яғни, шамамен алғанда 2023 жылдары атқарылған жұмыстарға қатысы бар деп ойлаймыз. Жалпы мұндай істің бағасын тергеу жүргізіліп жатқан кезде біздің түсініктеме беруге басқалай ақпарат беруге құқығымыз жоқ екенін білесіздер».
Құранбектің сөзінше, әкімдік жетекшілері әу бастан ашықтық пен тазалықты өзіне міндет еткен. Әрбір шенеунік пен мемлекеттік қызметкерге бұл туралы ескерту берілген.
Сәрсен Құранбек, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Егер ол кісілердің тарапынан өзге де бір қылық байқалатын болса ондай істерді сыбайлас жемқорлыққа қарсы мекемеге, қазіргі таңда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департаментіне, экономикалық тергеп-тексеру департаментіне біздің өзіміз мұрындық болып өзіміз бастамашы болып қолдайтынымыз айтылған. Және айта кетейін, бұл біздің қол астымыздағы қызметкерлерге қоқан-лоққы немесе қорқытып-үркіту фактісі емес. Заңға сәйкес басшы қол астындағы қызметкерлердің бөтен іспен айналысатынын, сыбайлас жемқорлыққа жол беретінін байқаса міндетті түрде құзыретті орындарға хабарлауы тиіс».
39 жастағы Нұрбол Жүнісбеков қалалық тұрғын үй басқармасының басшысы болып 2025 жылдың көктемінде тағайындалған еді. Оған дейін қалалық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы болып жұмыс істеген.
Дилара Иса