Ғ. Сыздықбеков кадрлық ауыс-түйіске қатысты сауалдарға жауап берді

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қоластындағы қызметкерлердің жұмысты адал атқарарына сенетінін айтты. Қоғамдық кеңес отырысында кадрлық ауыс-түйіске қатысты сауалдарға жауап берген мегаполис басшысы адал жұмыс істеуге келіспеген шенеуніктердің бірден орнын босатқанын жеткізді. Сөзінше, әкім болып тағайындалған уақытта барлық қызметкерлер туралы ақпаратты тексеріп шыққан. 

Шымкентте бірқатар маңызды мәселелер қаралған қоғамдық кеңес отырысында қала әкіміне түрлі салаға қатысты маңызды сауалдар қойылды. Оның қатарында кадрлық ауыс-түйіс мәселесі де қозғалды. Қоғам белсенділерінің бұл тұрғыдағы сауалына «мен тек адал жұмыс істеуді талап етемін» деген әкім, онымен келіспейтіндер бірден өз орнын босатқанын жеткізді.

Ғабит Сыздықбеков, Шымкент қаласының әкімі: «Жергілікті кадрлар, істеймін деген таза істеймін деген, Президентіміздің саясатын дұрыс жолмен істеймін дегеннің бәрі істеп жатыр. Кез келген адамға сене алмаймын. Сенімді жігіттерді міне алып келдім бос орынға. Исаховқа жеткізіңдер дедім. «Арыз жазсын, орнын ұстамай, босатсын» дедім. Оның орнына Айдын Кәрімов келді, экономика және қаржы мәселесі бойынша. Бос тұрған орынға Сәрсен Абайұлы келді».

Ғабит Сыздықбеков жаңадан тағайындалған кадрлардың адал әрі қалтықсыз жұмыс істейтініне нық сенімді. Сөзінше, ол, қала басшысы болып тағайындалған соң барлық қызметкерлер туралы ақпаратты қарап шығыпты.

Ғабит Сыздықбеков, Шымкент қаласының әкімі: «Мен әкелген әріптестерімізге сенсеңіз болады. Бәрі таза жұмысын атқарып жатыр. Мен сенімім бар ең бастысы. Мен жауап беремін ғой ол кісілерге. Біз де жай жүрген адам емеспіз ғой. Менде барлығы туралы ақпарат болды, немен айналысады, көлеңкелі жұмысы қандай? Басынан икемге келуі мүмкін емес адамдармен, олармен жұмыс істесе алмайтынымды айтып, орнына басқа адамдар келді. Ал істейміз дегеннің бәрі істеп жатыр. Мысалы аудан әкімдерін айтуға болады».

Еске салайық, Ғабит Сыздықбеков Шымкентке басшы болғалы, екі әкім орынбасары мен аппарат басшысы тағайындалды. Бір аудан әкімі мен бірнеше басқарма басшысы ауысты. Ал қалған құрам қызметін жалғастыруда.