Әр азаматқа – заңдық көмек

фото ШӨКҚ

 

Шымкент қаласында Қазақстан Республикасының Конституциясына 30 жыл толуына орай тұрғындарға арналған құқықтық кеңес беру акциясы ұйымдастырылды. «Әр азаматқа – заңдық көмек!» атауымен өткен бұл іс-шараны Шымкент қалалық Әділет департаменті бастап, ары қарай оны жергілікті басқармалар, кәсіби адвокаттар мен нотариустар қолдады.

Акцияның басты мақсаты – қала тұрғындарының құқықтық сауаттылығын арттыру, сондай-ақ оларға сапалы әрі тегін заң көмегін көрсету. Аталған іс-шара аясында мамандар азаматтарды қабылдап, түрлі құқықтық мәселелер бойынша жауап беріп, нақты кеңестер берді. Әсіресе заматтық, әкімшілік, еңбек, тұрғын үй, мұрагерлік және отбасы заңнамасына қатысты сұрақтар жиі қойылды.

Әділет департаментінің қызметкерлері тұрғындардың заңға қатысты сауалдарын ашық түрде қабылдап, олардың құқықтарын қорғаудың заңды жолдарын түсіндірді. Ал адвокаттар мен нотариустар нақты істер бойынша кеңес беріп, қажетті жағдайда арыз-өтініш жазуға көмектесті. Мұндай іс шараның арқасында азаматтардың мемлекеттік органдармен тікелей байланысуына мүмкіндік беріп, өзекті мәселелерін шешуге септігін тигізді.

«Азаматтардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру – әділет органдарының басты міндеттерінің бірі. Мұндай шаралар халық пен құқық қорғау құрылымдарының арасындағы сенімді және де байланысты арттырады. Бүгінгі іс-шара – соның жарқын көрінісі», – деді Шымкент қаласы Әділет департаментінің бөлім басшысы Қанат Серімов.

Шара барысында әлеуметтік осал топтағы азаматтарға – көпбалалы аналарға, мүгедектігі бар адамдарға, зейнеткерлерге ерекше назар аударылды. Оларға заң бойынша қандай жеңілдіктер қарастырылғаны және өз құқықтарын қалай қорғай алатыны жайында толыққанды ақпарат ұсынылды.

«Әр азаматқа – заңдық көмек!» акциясы бір күнмен шектелмейді. Әділет департаменті алдағы уақытта да осындай форматтағы іс-шараларды жиі ұйымдастырып тұруды жоспарлап отыр. Бұл – халықтың құқықтық сауатын арттырып қана қоймай, әділдік пен заңның біліктілігін қамтамасыз етудің бір жолы.

Қазақстан Республикасының Конституциясы – әр азаматтың негізгі құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың кепілі. Биыл Ата Заңымыздың қабылданғанына 30 жыл толуы – құқықтық мемлекет ретінде еліміздің жеткен жетістіктеріміздің дәледемесі ғана емес, ол алдағы бағыттарды айқындауға мүмкіндік береді. Осы орайда атқарылып жатқан әрбір іс – мемлекет пен азаматтың бірлігін, заңға деген құрметін білдіреді.

Жанна Құрманбекова